Ғылымға инвестор керек

Dalanews 28 мая 2015 23:39 1195

Таяуда «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ мен  қазақстандық стартаперлер, ғалымдар, инженерлер мен іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен екінші «Инновациялық көпір: ғылым және бизнес» деп аталатын диалог алаңы өтті.

 

Өрісі кеңейген алаң

Шараға «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы президенті Әділ Ыбыраев, «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» АҚ басқарушы директоры Саябек Қанахин, «Табыс» венчурлік тәуекел инвестициялық қоры» АҚ президенті Олжас Сыздықов, Еуразиялық Одақтың ғылыми зерттеулер мен инновациялар бойынша «Көкжиек-2020» бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Камила Мағзиева қатысты. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру маңызды бағыттардың біріне айналып отырғаны белгілі. Жалпы ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты кеңейту Үкіметтің алдында тұрған маңызды жұмыстардың бірі екені даусыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты 100 қадамында да ғылымды коммерцияландыру ісіне айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Осы ретте «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» бизнес пен ғылымның арасындағы байланысты тереңдету ісіне бірінші болып өз үлесін қосып отыр. Екінші рет ұйымдастырылған бұл шара ауқымы кеңейе түскенін байқадық. Бұл ғылыми жобасына әлеуетті инвестор іздеген Өзбекстан мен Қырғызстаннан ғалымдар қатысып, өздерінің жобалары жайында кәсіпкерлер қауымына егжей-тегжейлі баяндап берді. Өз кезегінде айтулы басқосуды ұйымдастырушы «ҰҒТАО» АҚ Ғылыми-техникалық қызметті жүйелеу және қорытындыларды бағалау департаментінің директоры Руслан Жанғазы мырза жиынға Польша мен Оңтүстік Кореядан әлеуетті инвесторлар арнайы келіп қатысқанын алға тартты. Сондай-ақ ол алдағы уақытта ғалымдар мен инвесторлардың басын қосатын бұл шараның аумағын кеңейте түсетіндігін мәлімдеді.

[caption id="attachment_10801" align="alignleft" width="257"]НЦНТИ04 Әділ Ыбыраев, "ҰҒТАО" АҚ-ы президенті[/caption]

Диалог алаңы стартаптардың ғылыми-техникалық жобаларына қаржы көздерін тарту, инновациялық саладағы субъектілер арасында келісімшарт жасалуына ықпал етуді көздейді. Қатысушы тараптар басқосуда іскерлік ортаның, инженерлік және ғылым-білім саласының, ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Айта кетейік, диалог алаңының бірінші отырысы ағымдағы жылдың 18 наурызында өткен болатын.

Екінші Диалог алаңының қатысушылары перспективалық ғылыми-техникалық зерттемелерді жалпы қоғам мен экономиканы дамытудағы ғылым мен бизнес арасындағы әріптестік байланыстың формалары мен әдістері мәселелерін талдады. Инновациялық жобаны коммерциализациялау, жаңа зерттемелерді нарықта кәдеге жарату және тұтынушы үшін күрес көзқарастары тұрғысынан қаралып, нақтылы анықталған шектеулер мен өзекті мәселелері сөз болды. Машина жасау, фармацевтика, агросектор, медицина, IT-технология, биотехнология, химия өнеркәсібі, мұнай өндіру, энергетика және тау-кен ісі салаларындағы жобалар таныстырылды.

 

Сүт өндірісі өркендейтін жоба

Қазақстанда жылына 860 мың тонна сүт өнімдері тұтынылса, оның 85%-ы өз өнімдеріміз. Осы сүттен ірімшік мен сүзбе жасауға 43,5 мың тонна сүт пайдаланылады. Қазіргі таңда елімізде сүт өнімдерін өндіретін отандық өндірушілердің қатары жыл өткен сайын көбейіп, сәйкесінше, оларға деген сұраныс артып келеді. «ҰҒТАО» АҚ-ы ұйымдастырған шарада профессор, техника ғылымдарының докторы Тамара Тултабаеваның өсімдік қосымшаларын пайдалана отырып құрамды ірімшік өндіру әдісін ұсынды.  Семей қаласындағы Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты мамандары жасаған жобаның артықшылықтары көп. Мысалы, құрамды ірімшік ағзаны ақуыз мөлшерімен толыққанды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар құрамды ірімшіктің тағамдық  және биологиялық құндылығы жоғары, осы технология нәтижесінде тағам өнімдерінің ассортименті де арта түспеуге болады екен.

НЦНТИ02

Әртүрлі құрамды өнімді алу технологиясының нәтижесінде белгілі физиологиялық-биологиялық бағыттағы артықшылықтар бар. Мәселен, сүт шикізаты мен оның компоненттері май, ақуыз және ақуыз іркіті ресурстарды сақтауға бағытталған. Құрамындағы өсімдік қосымшаларының арқасында ірімшіктер жоғары биологиялық құндылыққа ие болады. Жаңа технологиямен өндірілетін өнімнің нарықта бәсекелестері де жоқ емес. Мысалы, Agrotecnica компаниясы дәстүрлі және табиғи сапалы сортты ірімшіктерді Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен бағамен ұсынып, санитарлық талаптарды қатаң сақтайды. Бірақ кемшілігі – әртүрлі тұрақтандырғыштарды қолданып, құрғақ сүтті пайдаланады. Украиндық «ТМ Пирятинъ» өндірушілері де табиғи сүттен ірімшіктердің сан алуан түрлерін өндіреді. Бірақ тасымалдау барысында сапа көрсеткіштері бұзылатын болса керек. Ал біз сөз етіп отырған отандық технология өндіріске енгізілсе, тұтынушы өнімді арзан бағаға сатып алады. Өнім құрамында жартылай фабрикат және өзге де қосымшалар мүлде болмайды. Сонымен қатар бұл жобаны шикізатты 100% қолданатын қалдықсыз технологияның қатарына жатқызуға болады. Өнім 7-ға апта дейін жарамды болады. Бұл өзге бәсекелес өнімдермен салыстырғанда әлдеқайда ұзағырақ. Егер жоба өндіріске енгізілсе, халықтың сапалы сүт өнімдеріне деген сенімі артып, сұраныс көбейе түспек.

 

Кен өндірудің тиімді технологиясы

[caption id="attachment_10803" align="alignleft" width="391"]НЦНТИ Желден қуат көзін өндіретін көп қабатты қондырғының үлгісі[/caption]

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы «Зерттеудің физика-химиялық әдістері» инженерлік бағытындағы зертхана ғалымдары жасаған Тау-кен және металлургия өндірісінде металдарды негізі аз кендерден, қалдықтардан гидроимпульсті қуат энергиясының көмегімен алу жобасы инвесторларды қатты қызықтырды. Өйткені бүгінде металл кендерін өндіру мен қайта жасау әртүрлі агрегаттық жағдайдағы үлкен қалдықтардың бөлінуімен сипатталуда. Миллиардтаған тонна металл кендері бірнеше өңдеуден өтеді. Тау-кен және металлургия өндірісінде қайта өңдеу нысанына қоқыс, ұнтақ, шайылған су және өзге де қалдықтар көптеп шығатыны белгілі.  Ал осылардан жинақталған тау-кен қалдықтары ғаламшарымыздағы экологиялық жағдайды нашарлатуда. Жылына елімізде тау-кен өндірісі мен кен орындарын қайта өңдеуден қалатын қалдықтардың 234 700 тоннаны құрайды екен. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды толықтай пайдалануға бағытталған жаңа экологиялық таза технология құру маңызды болып отыр. Аталмыш мәселені минералды шикізаттарды гидроимпульсті қуатта қайта өңдеуде жаңа электрохимиялық әдістер қолданып шешуге болады екен. Жаңа технологияны жасаушы ғалымдар гидроимпульсті қуат көмегімен шикізатты өңдеуде тәжірибелік қондырғысын жасаған. Бұл технологияның өз артықшылықтары бар. Мысалы, электр энергиясын механикалық энергияға айналдыру, бұл кезде оның ПӘК-і 80%-ға дейін көтеріледі. Энергия белгіленген нүктеде ғана өткізіледі және бұл үдеріс қуат параметрлері өзгерсе де оңай реттейді.

 

Бүгінде елімізде мұндай шикізаттарды өңдейтін технология жоқ. Оның баламасы тек Белоруссия, Қытай және Ресейде бар. Металды шикізаттан айыруда өндірістік қондырғыдан тәжірибелік үлгі алынды. Бірақ алынған үлгі үлкен өнімділік көрсеткішіне есептелмеген. Шикізаттың әрбір түрі қосымша технологиялық зерттеулерді қажет етеді. Аталмыш жобаны қаржыландыру бүгінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолында. Жоба жүзеге асырылатын болса, кен қалдықтары пайдаға жарап, олардан түрлі заттар жасауға болар еді. Бұл өз кезегінде экологияны таза сақтаумен қатар, экономиканың өркендеуіне де септігін тигізері анық.

Арайлым Бимендиева,

«ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі қызметкері.

Рекомендовать
Последние новости