Ғылым ордалары ғылымды дамыта ала ма?

Dalanews 02 окт. 2014 03:29 997

Дәл осы сауалды біз «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ның Ғылыми-техникалық әріптестікті дамыту департаментінің директоры Тамара КУБЕЕВАҒА қойдық. Айта кетелік, жақында аталған орталықтың мамандары Түркияда өткен ANKOS Link-2014 ғылыми конференциясына қатысып қайтқан болатын.




[caption id="attachment_7868" align="alignleft" width="300"]гылым Тамара Кубеева[/caption]

– Тамара ханым, Түркияда өткен шараның мәні мен мазмұны жайында айтып өтсеңіз?


–  Әзіргі күні халымдардың халықаралық мәліметтер базасындағы беделді ғылыми журналда мақала жариялап, жоғары импакт-факторлық көрсеткішке қол жеткізуі ғылымның тиімді бағытта дамып жатқанын айқындайтын негізгі көрсеткішке айналды ғой. Бұл ретте еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен біздің орталықтағы ғалымдарымыздың Thomson Reuters,  Elsevier сынды ғаламдық ғылыми мәліметтер базасындағы толық мәтінді ғылыми жұмыстарды еркін пайдаланып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына мүмкіндік туғызған еді. Таяуда Түркияның Анадолы университетінің кітапханашылар консорциумы ұйымдастырған шараға қатысып қайттық. Басқосуда ғылыми ақпаратты тиімді пайдалану мәселесі сөз болды. Бұл іске түрік ағайындар қатты көңіл бөлуде. Түркияда дүниежүзіндегі мәліметтер базасымен тікелей  жұмыс істеу ісімен оқу орындарының кітапханашылары айналысатынын аңғардық. Өз басым мұны орынды шешім деймін. Халықаралық ғылыми мәліметтер базасына шығуға мүдделілік танытқан Түркияның жоғары оқу орындарының кітапханалар желісі бір консорциум құрып жұмыс істеп жатқанына 10 жылдан асыпты. Қазір түрік ғылымы халықаралық мәліметтер базасындағы ғылыми ақпараттардың игілігін көруде.


– Анадолы университетіндегі кітапханалар консорциумын түрік ғалымдарының ғаламдық ғылыми мәліметтер базасына қол жеткізу жүйесін қалыптастырған бірден-бір ғылыми мекеме деп атасақ бола ма?


– Әрине. Жалпы, түрік ғалымдарының әлемдік ғылыми мәліметтер базасынан ақпарат алу үшін құрылған консорциум 2000 жылы ашылды. Әуелде оған 12 ұйым, яғни жоғары оқу орны мүше болып, үш дүниежүзілік мәліметтер базасынан ақпараттар ала бастаған. Ал қазір Анадолы университетіндегі кітапханалардың консорциумына мүше оқу орындары мен ғылыми мекемелердің саны 190-ға  жетті. Сол сияқты ғылыми ақпарат алатын ғаламдық мәліметтер базасының да саны артып, 90-ға дейін өсті. Шынын айту керек, әзір ғаламдық ғылыми ақпарат базасына қосылу ақысы қымбат. Кез келген оқу орны өздігінен халықаралық мәлімет базасына қол жеткізе алмайды. Түркияның оқу орындары өзара бас консорциум құрып, бұл мәселені оңтайлы шешкен. Түріктердің іс-тәжірибесін әзірбайжандар пайдаланып, ғылымды дамытуға бет бұрып отыр.


ҰЛТТЫҚ ЛИЦЕНЗИЯНЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ


– Ал бұл үрдіс біздің елімізде қалай жүруде?


– Қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми журналға мақалалар жариялауға деген құлшынысы жоғары. Өйткені мұндай жарияланым ғылыми-зерттеу жұмысының басты көрсеткішіне айналған. Дүниежүзі ғалымдары мойындаған халықаралық ғылыми журналдарға мақала жариялау — үлкен абырой. Халықаралық мәліметтер базасын пайдалану ісі тек мақала жариялаумен шектелмейді. Халықаралық мәліметтер базасына енген кейбір ғылыми журналдар ғылымды дамытудан бұрын коммерциялық мүддені көздеп кеткен. Мұндай журналдар ақша үшін жілігі татымайтын мақалаларды жариялай салады. Алдағы уақытта біздің орталық қой терісін жамылған қасқырларды тізімдеп, ғылыми ортада жарияламайтын болады. Құр атақ шығару үшін жарияланған мақалалардың ғылымды дамытуға үлес қоспайтынын ұмытпауымыз керек.




[caption id="attachment_8120" align="alignnone" width="300"]O Түркиядағы конференция жұмысына қатысқанымызда ғалымдардың халықаралық мәліметтер базасына кіріп, ғылыми мәлімет алу ісін тікелей кітапханалар жүзеге асыратынын байқадық.[/caption]

Қазір қазақ ғалымдары Thomson Reuters халықаралық мәліметтер базасының Web of Science және Elsevier B.V. компаниясының SciVerse® ScienceDirect толық мәтінді базалық мәлімет қорын еркін пайдалануда. «ҰҒТАО» АҚ халықаралық мәліметтер базасының ұлттық лицензиясына ие болғалы бері еліміздегі ЖОО мен ҒЗИ ғалымдар мен жас ізденушілерге аталған ғылыми ақпаратты еркін пайдалануына барынша мүмкіндік жасаған. Өкінішке орай, ғалымдар мен ізденушілер осы мүмкіндікті тиісті деңгейде пайдаланбауда. Бүгінде орталықпен келісімшартқа отырған әрбір ЖОО халықаралық мәліметтер базасына қосылатын IP-адреске ие. Түркиядағы конференция жұмысына қатысқанымызда ғалымдардың халықаралық мәліметтер базасына кіріп, ғылыми мәлімет алу ісін тікелей кітапханалар жүзеге асыратынын байқадық. Біздер халықаралық мәліметтер базасына шығу мүмкіндігіне ие болған ЖОО-ға мониторинг жасағанымызда, кейбір оқу орындарының кітапхана қызметкерлері өздерінің IP-адреске ие екенін білмейтінін болып шықты. Өз басым «қазақстандық ғалымдар халықаралық мәліметтер базасына кіруге құлықсыз» деген пікірмен келіспеймін. Тек IP-адреске ие оқу орындарының кітапханалары ғалымдар мен жас ізденушілердің халықаралық мәлімет қорын кеңінен қолдануына мүмкіндік туғызуы керек. Кейде бізге еліміздегі маңдайалды оқу орындарының ізденушілері келіп, өздерінің халықаралық мәліметтер базасына кіргісі келетінін айтқанда, оларға өзі қызмет ететін университеттің халықаралық мәліметтер базасына қосылғанын айтамыз. Біздің орталық оқу орындардағы IP-адреске ие жауапты мамандардың жұмысын бақылай алмайды. Сондықтан бұл бағыттағы насихат жұмыстарын оқу орындары өздері жүргізуі керек.


– Тамара ханым, сөзіңізден бауырлас елде халықаралық мәлімет базасына шығудың жақсы жоралғысы қалыптасқанын байқадық. Білгіміз келгені, Түркияда IP-адреске ие кітапханашылар консорциум басшылығына ғалымдардың халықаралық мәлімет қорын қалай пайдаланып жатқаны жайында есеп бере ме екен?


– Олар осы консорциум аясында түрлі жиынға қатысып, халықаралық мәлімет базасына шығу және ғылыми журналдарға мақала жариялау бойынша біліктілігін жетілдіріп тұрады. Мұның өзі түрік ғалымдарының халықаралық мәліметтер базасын пайдаланудағы белсенділігін арттырады. Бүгінде халықаралық мәліметтер базасын пайдаланып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу жұмыстың тиімділігін анықтайтын негізгі көрсеткіш. Бұл бағытта біздің Үкімет ғалымдардың халықаралық ғылыми мәлімет базасына еркін кіруін қолдап отыр. Біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Айталық, Анадолы университетіндегі кітапхана консорциумы қазір Түркиядағы 190 оқу орны мен ғылыми мекеменің халықаралық мәліметтер базасына еркін шығуына жағдай жасап отыр. Ал Ұлттық лицензияға ие болған «ҰҒТАО» АҚ ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетімен бірлесіп еліміздегі 300-ден астам ЖОО мен ҒЗИ-дің халықаралық мәліметтер базасын тегін пайдалануға мүмкіндік беруде. Алдағы уақытта «ҰҒТАО» АҚ ғылым үшін маңызы зор өзге де мәліметтер базасына қазақстандық ғалымдардың қол жетімділігін арттыру үшін жұмыс істейтін болады.




[caption id="attachment_8121" align="alignnone" width="300"]innovation-2 Халықаралық мәліметтер базасындағы ғылыми ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде жазылған.[/caption]

– Қандай да бір халықаралық мәліметтер базасына қол жеткізудің маңыздылығын қалай айқындайсыздар?


– Біздің орталық отандық ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Олар қандай ғылыми мәліметтер базасына кіргісі келетінін бізге айтады. Осы ретте орталық қызметкерлері ғалымдар мен ізденушілердің ой-пікірін басшылыққа алып, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетіне бюджеттік өтініш дайындаймыз. Комитеттегі білікті мамандар біздің ұсыныспен мұқият танысып шыққаннан кейін нақты шешімді қабылдайды.


– Тамара ханым, қалай ойлайсыздар, қазақ ғалымдарының көпшілігі ағылшын тілін тиісті деңгейде білмеуі халықаралық мәліметтер базасын еркін пайдалануына қолбайлау болып отыр деп айтуға бола ма?


– Халықаралық мәліметтер базасындағы ғылыми ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде жазылған. Бұл Қазақстан ғалымның ғылыми ақпаратты пайдалануына кедергі келтіріп тұр демеймін. Ізденген адам кез келген уақытта тілдік кедергіні еңсереді. Біздер ғалымдар мен студенттер ғылыми мәліметтер базасын мейлінше пайдалануы үшін оқу орын деңгейінде насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Әзір біздің ғалымдар халықаралық журналдарға мақала жариялауға күш салуда. Алдағы уақытта халықаралық ғылыми мәліметтер базасын барынша пайдаланып, ғылым мен экономиканы дамытуға бағыттаудың мәні зор. Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы бұл бағытта жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.


Сұхбаттасқан,


 Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ.


Рекомендовать
Последние новости