"Фокус" журналы Түркиядағы жағдайға баға берді

Dalanews 29 июл. 2016 05:23 824

Германиялық «Focus» журналы «Күш. Жындылық. Ердоған» атты мақалада кешегі төңкеріс әрекетіне қатысты өте маңызды мәліметтер жариялады. Авторы Фрэнк Нордхаусенге тиесілі хабарда ағылшындар бұл мәлімдемесінде Үкіметтік байланыс Орталығы (GCHQ) тапқан айғақтарға сүйенеді. Яғни, Үкіметтік Байланыс Орталығы, Түрік үкіметі мүшелерінің төңкеріс оқиғасынан жарты сағат өткен соңғы телефон арқылы әңгімелерін, электрондық пошта және басқа да жазбаларын бақылауға алған. Әбден жан-жақты зерттелген мәліметтерге қарағанда, үкімет төңкеріс болған күннің ертесі-ақ қаншама адамды  қызметтерінен босату және Ф.Гүленді төңкерісті ұйымдастырушы ретінде жариялау сияқты жалған жалаларды таратуға пәрмен берген.

dalanews focusФ.Нордхаусен өз мақаласында Ердоғанның айналасын өзіне жақпаған жандардан тазарту мүмкіндігін берген төңкеріс әрекетін: «Алланың сыйы» ретінде бағалағанын да назардан тыс қалдырмай, былай дейді: «Оның сондай сайқымазақ пікірі өз ықпалын күшейту үшін, «адам өліміне де түкіргенім бар» дегенін білдіреді. Мамандар, оның Әділет және Даму партиясы мен Исламшыл жамағатты бақылап отырғанынан да күмәнданады.

Автор, Ердоғанның биографиясын жазған Николас Чевиронмен де сұхбаттасқан. Чевиронның айтуынша, Ердоған үшін Исламның орны ерекше болса да, оның мақсаты исламды тарату емес екен.

Чевирон, «Ердоған үшін билік маңызды. Қалған нәрсенің барлығын биліктен кейін қояды» деді.

Нордхаусен де Ердоғанның шексіз билікке апаратын жолда бір ғана жоспарды ұстанғанын және оны жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбағанын және елдің негізгі заңының да осы мақсатта жазылғанын айтады.

Ердоғанның билікке келген алғашқы жылдардағы реформа жоспарларын да осындай тактикалық қажеттіліктеріне арнағанын айтқан журналист: «Ердоған қазір өлім жазасын алып тастады, күрдтерге тіл курстарын, ал христиандарға шіркеу ашуға мүмкіндік берді, әскердің шексіз үстемдігін жойды. ЕО пен келіссөздер бастады, Қытайдың экономикалық өсіміне жетті. Ауыл-аймақтарға қыстыгүні көмір жеткіздіріп, ауыл тұрғындарына да жағуды ұмытпады. Тұрмысы нашарлар тегін медициналық көмек алып, кедей отбасылар несие арқылы үйге қол жеткізді. Саяси тұрғыдан үстемдігін арттыру үшін, «бейқам түріктерді» пайдаланды» деп жазған.

Ф.Нордхаусен, Ердоған билігінде оның отбасының да қандай рөлі бар екендігін назардан тыс қалдырмай, оның және отбасының Осман әміршілерінде де болмаған салтанатты тұрмыстарын сөз қылыпты.

Президенттің әйелі мен балаларының, бауырларының TÜRGEV қорынан 100 миллион еуро шамасындағы қаржыға ие екендіктерін жазған автор, бұл отбасын бір ортада ұйыстырып отырған оның әйелі Эмине Ердоған екендігін айтқан. Автордың айтуынша, Ердоғанның әйелінің ең әлсіз жері – салтанатты да бақуатты тіршілікке, ақша мен малға құмарлығы екен. Ал Ердоғанның әлсіз жері – тақта отырған кездерінде жасаған қиянаттары үшін жазаға тартылу. Н.Чевирон, «Ердоған сол себептен биліктен айрылмау үшін жанын салып бағуда» деген көзқараста. Сол үшін жан-жағын өз  билігіне қауіп төндіретін «қастандық жасаушыларға» толы деп есептейді.

Нордхаусен, Ердоғанның билігін сақтап қалу үшін не істегенін жазу арқылы, өткен күндер еншісінде қалған көп жайттарды да тілге тиек етеді. Қайта сайлану үшін Ердоғанның Күрд Жұмысшылар Партиясымен (PKK) бейбіт келіссөздерді тоқтатқанын айтқан журналист, «Халықтың бәледен құтқарушы ретінде, қаһарман ретінде көріну үшін әдейі тәртіпсіздіктер мен соғыс ұйымдастыртады» деп тұжырымдайды. Мақалада Ердоғанның сондай былықтарынан қалайша судан ақ, сүттен таза шыққанын да әшкерелеуге тырысқан. Мақала мәтініне қарағанда, Ердоған өз қарсыластарын «қанішерлер, «атеистер», «террористер» ретінде айыптап, еден жуушы әйелдерден бастап, жазушыларға дейін, барлық жанды «Президентке тіл тигізді» деген желеумен, абақтыға тоғытуда.

Мақалада, Ердоғанның АҚШ-та қамауға алынған ирандық кәсіпкер Заррабтың жалған дипломы сияқты ұзынсонар жемқорлық пен алаяқтық істерге жататын былықтары туралы да бөлек әңгіме қозғалады.

 

Арман Берсінбай

Рекомендовать
Последние новости