Еуропалық ACQUIN қазақстандық Орталықтың халықаралық стандарт сапасына сәйкестігін растады

Dalanews 03 апр. 2024 09:47 1437

Педагогикалық шеберлік орталығы елімізде алғаш рет Еуропалық аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтының (ACQUIN) институционалдық аккредитациясын алды. Жаңа мойындау Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне жаһандық интеграциясын жалғастырады.

ACQUIN штаб-пәтері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымын Педагогикалық шеберлік орталығының жаңа жаһандық жетістігі – институционалдық аккредитация алуымен құттықтады. Ресми жеделхатта қазақстандық орталық Институт тарихында аккредитациядан шартсыз, ең ұзақ мерзімге және бірде-бір түсініктемесіз өткен алғашқы прецедент екені атап өтілген.

– Орталықтың үлкен миссиясы – ол бүкіл ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталуында. Мені бірегей жобалардың ауқымы тәнті етті. Қазақстанға келіп, біз аккредиттеген Орталықтың қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көруді армандаймын, – деді ACQUIN ең беделді сарапшыларының бірі Daniel Rellstab.

Штаб-пәтері Байройт қаласында орналасқан, Еуропалық реестрде тіркелген ACQUIN беделді аккредиттеу агенттігі – білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған барлық халықаралық қауымдастықтардың және жобалық бастамалардың мүшесі. Бағдарламалық және институционалдық аккредиттеу, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің халықаралық процедуралары ұйымның стратегиялық басымдықтары саналады.

Институционалдық аккредиттеу Педагогикалық шеберлік орталығы әлемдік жетістіктерінің үлкен сериясының заңды жалғасы атанды. ПШО отандық қосымша кәсіптік білім беру жүйесінде бірінші болып авторлық бағдарламаларын сыртқы сараптамаға ұсынды. Бірнеше жыл ішінде Орталық беделді Еуропалық институттан он бір бағдарлама аккредитациясын алды, олар мектептегі және педагогикалық қауымдастықтағы мұғалімдердің көшбасшылығына, мұғалімдер тәжірибесіндегі сабақты зерттеуге, әртүрлі пәндер бойынша білім беру курстарына және басқа да кәсіби дамудың өзекті басымдықтарына арналған.  

Еуропалық агенттіктің сыртқы аудиті сапа саясатына, бағдарламаларды әзірлеу мен бекітудің ашық және стандартталған процедураларына, оқыту мен бағалаудың жоғары деңгейіне, тұрақты ресурстық базаға, сондай-ақ жүйелік мониторингтің табыстылығына сәйкестігін дәлелдеді.

Өткен жылдың қаңтарында Германияның Байройт қаласында ACQUIN штаб-пәтерінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша «Мектеп ұжымы: тиімді басқару және білім сапасы» бағдарламасына шартсыз аккредиттеу сертификаты берілді. Арнайы семинарда неміс сарапшылары бағдарламаны бағалау контекстінде ESG қағидаттары бойынша табысты жұмыс істейтін қазақстандық мұғалімдердің жоғары кәсіби стандарттарын атап өтті. Environmental Social Governance – бұл компанияның тұрақты дамуын бағалаудың шешуші факторлары саналатын экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару.

Әрбір ACQUIN сарапшысы бүкіл команданың, әсіресе, тренерлер құрамының абсолютті кәсібилігін ерекше атап өтті. Институттың аккредиттеу бөлімінің айтуынша,  сертификаттау бойынша жұмыс істеген халықаралық сарапшылар ПШО кәсіби командасының табысты шешімдерін өз елдерінің ұлттық білім беру жүйесіне енгізуге дайын екенін жеткізген.

– Педагогикалық шеберлік орталығының институционалдық аккредитациясы стратегияға абсолютті сәйкестігін және менеджменттің бірегейлігін, сондай-ақ жалпы компанияның табысы мен ауқымын дәлелдеді, – деп атап өтті ACQUIN.

Институционалдық аккредитацияны алу Педагогикалық шеберлік орталығының Қазақстанда біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік жүйесін енгізуге дайындығын да растайды. 2006 жылы ваучерлік тәсіл идеясы табысты инновация ретінде Гарвард университетінен сыйлық алды. Қазір аталған жүйе Финляндия, Ұлыбритания, Испания, Қытай, АҚШ, Литва және басқа елдерде белсенді түрде жүзеге асырылуда.

– ACQUIN компаниясымен тікелей жұмыс істеген Толқын Айдосова, Баян Исмагулова, Ирина Энтина, Гүлмира Есенова, Гүлмира Рахимова, Ирина Аушева, Жақсылық Пірмағамбетті күннің басты кейіпкерлері деп атауға болады. Жалпы алғанда, институционалдық аккредиттеу – біздің Орталықтың ұжымдық жетістігі, өйткені ол – бүкіл компанияның жүйелі жұмысын жан-жақты бағалайтын құрылымдық сыртқы аудит, – дейді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова.

Қазақстандық әріптестерін бірінші болып құттықтаған Еуропалық Одақ бағдарламасының басшысы Штефан Зиверт:

– ПШО-мен бірге біз Тәжікстан Республикасының ұлттық білім беру жүйесін ілгерілету жөніндегі ЕО жобасы аясында сәтті жұмыс істеудеміз және серіктестеріміздің жаңа жетістігін мақтан тұтамыз.

Байройттан қуанышты хабар Дүниежүзілік Lesson Studies қауымдастығының ресми сайтында қыркүйекте Астанада жоспарланған халықаралық конференцияға тіркелу басталғанда келді. WALS-тың басты форумы тарихта алғаш рет посткеңестік кеңістікте – Қазақстанда өтеді. Әртүрлі елдер мен мектептердегі сабақты зерттеуге маманданған мұғалімдер алғашқы өтінімдерін жіберіп үлгерді. Астанаға 50-ден астам елден – Ұлыбритания, Сингапур, Жапония, Финляндия, Малайзия, Австрия, Қытай, Америка Құрама Штаттары, Гонконг, Түркия және т.б. ірі делегация ұшып келуді жоспарлауда.

Мира Алипинова
Фото Василия Крася

 

 

 

 

 

 

 

 


Рекомендовать
Последние новости