Қазақстанның қаржы секторында Еуразиялық банк көзге бірден түсетін банктердің бірі, алайда ол бүгінгі таңда дүдамалдылық жағдайында жұмыс істеуде. Сырттай қарағанда, бәрі жақсы, бәрі тұрақты: банк клиенттерге қызмет көрсетіп, жаңа өнімдер пайда болуда және тапқан пайдасы туралы дер кезінде есеп берілуде. Бірақ банктың арғы жағында, яғни акционерлер деңгейінде үн-түнсіз "шайқас" жүруде. Онда да бұл текетірес қаржы институтының болашағын айқындаушы болып табылады. Бұл туралы қаржыгер Ғалым Құсайынов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржыгер-маман Forbes.kz басылымына берген сұқбатында бұл арадағы дүрдараздыққа банк басшылығындағы буындардың алмасу процесі (мұрагерлік мәселесі) түрткі екенін айтты.
Банктің үш құрылтайшысының екеуі өмірден өткеннен кейін олардың үлестері мұрагерлеріне өтті, ал олардың банктің болашақ стратегиясына қатысты көзқарастары әртүрлі болып тұр. Ал бұл келіспеушілік банк қызметіне селкеу түсіріп жүрмейді ме? Бұл бүгіндері аталған банк серіктестері мен тұтынушыларын мазалайтын басты сұрақ. Бұл ретте Ғалым Құсайынов мынаны айтады:
"Қазір көріп отырғанымыздай, аталған жайт банк қызметіне әсер етіп жатқан жоқ, өйткені бізде реттеуші орта бар, сондықтан акционерлердің операциялық қызметке араласуы өте қиын. Басқарма мен директорлар кеңесінің мүшелері заң алдында үлкен жауапкершілікке ие және олардың банкке зиян келтіру ниеті жоқ деп санаймын. Меншік иелері стратегиялық мәселені шешіп жатқанда, менеджемент штаттық режимде жұмысын жалғастыруда әрі жоғарыдағы дау-дамайдың банк тұтынушыларына еш теріс әсері жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бұған дейін Еуразиялық банк қалай жұмыс істесе, қазір де солай өз қызметін жалғастыруда. Яғни, бұл арадағы мәселе операциялық емес, стратегиялық сипатқа ие. Акционерлердің жас буыны ары қарай қалай жылжимыз деген сауал төңірегінде түптеп келгенде бір ой, бір пікірге тоқайласады деп ойлаймын. Қазіргі уақыт – транзиттік кезең. Басты екі акционер өмірден өтті, олардың орнын балалары басуда. Олардың банк туралы өзіндік ойы мен жоспары бар. Транзиттік кезеңде қожайындар банкті дамытудың стратегиясы бойынша ортақ бір шешімге келуі керек немесе активті сатып, өркениетті жолмен екі жаққа кетісуі тиіс".
Сарапшының пікірінше, аталған күрмеуі қиын жағдайда активті сату – ұтымды жолдың бірі. Бұл арада мәселе оны кімге және қандай жағдайда сатамыз дегенде тағы күрделенуі мүмкін. Ал активтің өзі өте тартымды, өйткені Еуразиялық банк жәй банк қана емес, ірі сақтандыру компаниясы және басқа да активтерден тұратын тұтас қаржылық топтың ядросы болып табылады. Бұл Қазақстан нарығына енгісі келетін ірі инвестор үшін дап-дайын "кластер" деп айтсақ та болады. Оның үстіне сауда-саттық үшін қазір ең қолайлы кезең. Нарық дамып тұр, қаржы институты жоғары бағаланады.
"Қазір банктердің құны жоғары кез, өйткені олар көп ақша табады. Сондықтан оны үшінші тарапқа сатуға болатын қолайлы кезең", - дейді маман.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Шығыс Еуропадағы банктердің бірі Қазақстандағы ірі банктің бірін сатып алуы мүмкін екендігі туралы ақпарат пайда болған. Сарапшылар қауымы бұл ретте әртүрлі долбар жасауда. Ал танымал қаржыгер Ғалым Құсайынов бұл арада сатып алушы – мажарлық OTP Bank-і (Венгрия), ал сатылымға қойылғаны ForteBank болуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ марқұм Александр Машкевичтің үлесі мен Шодиевтің Ибрагимовтермен күресіне қатысты 19 қыркүйекке жоспарланған Еуразиялық қаржылық компаниясы акционерлерінің жиналысын сот болдырмай тастағанын да жазғанбыз.