Ескі Қазақстанның жарқын өкілдері лауазымды қызметке келе бастады

Сағыныш Сардарова 15 февр. 2024 15:51 3386

Ескі Қазақстанның жарқын өкілдері, соның ішінде биліктен ұзақ жыл кете алмай жүрген Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниал Ахметов пен бұрынғы Үкімет басшысы Асқар Мамин спорт саласындағы лауазымды қызметтерге ұсыныла бастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кеше Ұлттық олимпиада комитетінің Тәуелсіз сайлау комиссиясының отырысы өткен. Ал отырыстың тиісті құжаты Tengri Sport редакциясына түскен. Басты жаңалық Тимур Құлыбаевтың орнына әлемге аты шыққан боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасы ұсынылуынан бөлек, құжаттан тағы да біраз есімді байқауға болады.

"Ұлттық олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері жөнінен вице-президенті қызметіне бұрынғы премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасы ұсынылды", - деп жазылған құжатта.

Бұған дейін Маминнің Түркия елінде алаңсыз жүрген видеосы әлеуметтік желіде жылт еткен еді. Ал оған дейін футбол федерациясының экс-президенті Әділбек Жақсыбеков пен Асқар Мамин Ыстамбұлда өткен Чемпиондар лигасында жүрген жерінен көзге түсті. Экс-шенді Мамин 2022 жылы лауазымынан түсіп қалды. Оның орнына Үкіметті басқаруға Әлихан Смайылов келген болатын. 

Ал олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияның өкілі лауазымына ұсынылғандар ішінде Даниал Ахметовтің есімін байқауға болады. 

Ахметов жуырда ғана Астанада жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған Astana Indoor Meet халықаралық турнирі аясында көзге түсіп қалған еді. Деректерге сүйенсек, белді шенеунік қазір жеңіл атлетика федерациясының президенті болып отыр. Шығыс Қазақстанды тапжылмай 9 жыл басқарған экс-әкім осылай спортты тізгіндеуге ойысыпты.

Бұған дейін де қоғамда Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамына қатысты қызу дау жүріп жатыр. Депутаттар да бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Мәселен, Бапи Құлыбаевты ашық сынап тастап еді.

"Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! ...Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек", - деген еді ол.


Рекомендовать
Последние новости