"Ескертуді елемеді". Алатау ауданының әкімдігі даулы видеоға қатысты түсініктеме берді

Dalanews 25 авг. 2021 03:32 1080

Алатау ауданының әкімдігі күзетші мен журналист қыздың оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі карантиндік шектеулерге байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектеулі және Ashyq арқылы. Журналист А.Тәңірберген мен оператор статустарын сканерлемеген және турникеттің астынан өтпей кірген, оны дәлелдейтін бейнежазба бар. БАҚ өкілдері күзет қызметкерлерінің ескертулерін тыңдамай, оның ақыры осындай жағдайға әкелді, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдік күзет қызметкерінің бұл тірлігін құптамаймыз деген сыңай танытып отыр. Күзетшіге қатысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Тексеру нәтижесі бойынша оны жауапкершілікке тарту жағы қарастырылады.

Бұл оқиғаға байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да өз ойын білдірді:

"Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр.

Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі “еститін мемлекет”, “ашық әкімдік” қағидаларына қайшы келетін жағдай.

Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс.

БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты, Алматы қаласы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет, делінген министрдің жазбасында.

"Хабар 24" телеарнасындағы "Әкімдер" бағдарламасын жүргізетін журналист Ақбөпе Тәңірберген әкімдікке белгіленген уақытта келген екен. Бірақ әкімдіктің ішіндегілер оны қабылдауға құлықсыз болғанға ұқсайды. Күзетші журналист қызды дөрекі түрде көтеріп алып, есіктің сыртына шығарып тастаған.

https://youtu.be/DdtbXt2mcYE

Рекомендовать
Последние новости