Ерлан Саиров: «Діни ұстанымы қазаққа жақын имамдар Діни басқармадан қуылып жатыр»

Dalanews 21 июл. 2016 08:55 849



 Саясаттанушы Ерлан Саиров Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына қатысты ой-пікірін ортаға салыпты. 

Ерқанат Әбени еліміздің Бас Муфтиі жөнінде пікірін білдірген екен. Мойындау керек, соңғы кездері еліміздің Діни басқармасының үні әлсіреп бара жатқаны — шындық.

Бірақ, осы олқылық үшін дәстүрлі діндарларды кінәлау әбестік тәрізді. Таразыны тең қарастыратын болсақ,
дін ағымдары арасында да лобби, өз мүдделерін «тықпалау» әдістері қалыптасқан.

Осы «лобби» мәселесі бойынша, біздің Ханафиттік ұстаным көш-керуен қалып қойған. Мен өз басым, дін мәселесімен кәсіби айналаспасам да, сырт көз сараптама жасап, дін өкілдерімен оқтын-оқтын хабарласып жүремін.

Соңғы кездері мынадай тенденция пайда болды,
діни ұстанымы қазаққа жақын, Орта Азия, Қазақстанда діни сауат алған имамдар Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасынан қуылып жатыр.

Оның арғы жағында мүдделер тоғысы тұр.

Қай бағыттың мүддесі екендігі бесенеден белгілі. Бұл да үлкен проблема. Жоғары жақта басқа діни ағымдардың мүдделері «шегеленіп» тасталған деген пікір де жоқ емес, халық арасында.

Осы сеңді қалай бұзуға болады?

Бұл мәселені мемлекет, қоғам болып бірлесе шешу керек.

Менің ойымша, Дін мәселесін кешенді түрде шешетін уақыт жеткен тәрізді. Осы мақсатта келесі әрекеттерді жүзеге асыру қажет деп санаймын:

1. Дін Комитетінің құзырын кеңейтіп, қайтадан Агенттік құру қажет.

2. Елімізде дәстүрлі дін мәселесін кешенді оқытатын Орта Азиялық дәстүрлі Дін және мәдениет университетін құру қажет. Ол жерге дәстүрлі дін бағытындағы теолог, дін теоретиктерін, өз еліміздегі практиктерді жию қажет.

3. ҚМДБ-нің құзыретін арттыра отырып,қоғам мен дін институттарының арасындағы байланысты күшейту керек.

4. ҚМДБ-нің жанында Қоғамдық кеңес құрып, оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлерін, саясаттанушы, әлеуметтанушыларды кіргізу маңызды.

5. Жер-жердегі мешіттердегі уағыздардың мән-жайын, мазмұнына жұртшылық болып сараптама, бақылау жасау қажет.

6. Мектепте, бала бақшаларда дәстүрлі дін негіздерін енгізу өзекті. Бұл өте маңызды, өйткені бала кезінен дәстүрлі исламның не екендігін білетін жеткіншек, басқа бағыттың елегіне түспейді.

7. Дін мен мәдениет егіз ұғым, қазақтың дәстүрлі мәдениетін елімізде төрге шығару тетіктерін жасау қажет.

Дереккөзkaz.365info.kz


Рекомендовать
Последние новости