Ерекше балалар, ерекше қамқорлықта

Қуаныш Ермекова 07 июн. 2024 11:00 3393

Елімізде туабітті ерекше балалардың көбеюі, мүгедектігі бар балалар санының жыл санап артуы қазіргі таңда мамандарды алаңдатып отыр. Соңғы мәліметтерге сенсек, елімізде "мүгедек" мәртебесі бар балалардың саны 100 000-нан асқан. Ал оншақты жыл бұрын тіпті мүгедектігі бар балалар саны 50 мыңға да жетпеген екен. Сондықтан қазіргі таңда мүгедектігі бар балаларға тегін медициналық көмекті арттыру, аналар саулығын нығайту бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Қазіргі таңда еліміздегі ерекше балаларға медициналық көмек, соның ішінде оңалту көмегі тегін медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көрсетіліп жатыр. Яғни кез келген ерекше бала толықтай медициналық көмекті елімізде тегін ала алады. Ал дәрілерді ше? Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ №75 бұйрығына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ерекше балалар тегін және уақытылы дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Демек еліміздегі мүгедектігі бар балалар тегін медициналық қызметті ғана емес дәрілермен де қамтамасыз етілген. Бұл мүгедек балалары бар ата-аналар үшін үлкен көмек.

Сондай аналардың бірі Кәмила Әбілқызы: «Басында баламның ерекше бала болып туғанының өзі мен үшін үлкен күйзеліс болды. Алғашқы кездері не істерімді білмей өзімді тым дәрменсіз сезіндім. Кейін мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалып, асыраушы ретінде маған да жәрдемақы беріліп, тегін түрлі әлеуметтік заттармен қамтамасыз етіле бастағанда мемлекеттің өзі қамқор болып отырғанда мен неге анасы бола тұрып өзімді тастап жібердім деп жиналдым. Жылына бірнеше рет тегін реаблитациялық жаттығулар аламыз. Тегін қол арба мен гигиеналық заттар береді. Қазір дәрігерлер жүре алмайды деген қызым жүріп жүр,тіпті қасық ұстап өзі тамақтанады. Дәл қазір оның бәрін түсініп, ұғынып, сөйлеп, тіпті ән айтып, жүріп, жүгіріп, өзі тамақ жеуінің ар жағында қыруар еңбек жатыр.

Мемлекетіміздің өз азаматтарына қамқорлығының арқасында мүгедектегі бар жандардың қоғамнан шеттетілмей, керсінше олардың өмір сүруіне барлық жағдай жасалып жатқаны көңіл қуантады. Ол өмірге келгенде тамақты шайнап жей алмайды деген еді. Заманауи медициналық қызметтердің дамуымен бірге түрлі жаттығулардың арқасында шайнап жейтін күнге қол жеткіздік. Бір жасқа толмай жасаған жаттығулар мен үздіксіз жүргізілген емнің арқасында аунау, отыру, еңбектеу, жағалап жүру сияқты өздігінен дамитын іс әрекеттерді үйренді. Қазір жүрмейді деген қызым, тіпті велосипед тебеді.

Мемлекет төлеген жәрдемақының барлығын үнемі қызымның өзіне жұмсап, ерекше бала болған соң дамуын үнемі қадағалап отырдым. Мемлекет тарапынан берілетін профилактикалық емнен бөлек, ақылы емнен де қалдырмадым. Өзінің жәрдемақысы өзінің дамуына жұмсалсын дедім. Шүкір қазір қызымның даму процесіне көңілім толады. Үйде жасырып ұстамай, мамандарға тасып, диетаға отырғызып дамуына бар жағдайды жасап отыруға мүмкіндік бергені үшін қоғамымызға ризамын. Қазір тіпті жергілікті басқарушы орындар арқылы концерт, цирктерге тегін билет те беріледі. Үйде отырып қалмай солардың бәрін басқа балалардай барып, көріп, тамашалауға мүмкіндік болғаны үшін қуанамын. Мемлекетіміздің өз азаматтарына қамқорлығының арқасында мүгедектігі бар балалар дамып жатыр. Алғысым шексіз!» дейді.

 

Шетелде емделуге де мүмкіндік жасалған

Атап өтер жайт, кей жағдайда туа бітті мүгедектігі бар балалардың ата аналары шекараның сыртынан медициналық көмек алғысы келіп жатады. Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау қызметі ата аналардың бұл тілегін де қанағаттандыруға тырысуда.

Яғни Қазақстан Республикасында жүргізілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсетілімдер болған кезде диагнозына қарамастан, 18 жасқа дейінгі балаларға шетелде емделуге мүмкіндік беріледі. Науқасты шетелге емделуге жіберу немесе өз еліміздегі отандық медициналық ұйымдарда ем шара жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қажет болған жағдайларда алдын ала шешім қабылдау да қарастырылған.

Ол үшін бейінді мамандардың қорытындыларының негізінде республикалық денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде шешім жасалып, ем шараның қалай жүргізілетіні анықталады. 

 

Науқас балаларға көмектесу деңгейіміз қаншалықты?

Қазіргі таңда ерекше балалардың елімізде күрт көбеюіне орай оларға медициналық көмек көрсететін орталықтардың да саны артып келеді. Сұранысқа қарай ерекше балаларға медициналық қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер мен қатар жекеменшік медициналық орталықтардың да саны артып келеді.

Ресми статистикаға жүгінсек, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде балаларға көмек көрсететін 55 оңалту орталығы жұмыс істейді екен. Соның ішінде республикалық деңгейдегі 3 орталық бар, онда 522 төсек қамтылған. Ал Ұлттық балаларды оңалту орталығында 300 төсек, Қызылорда қаласындағы филиалында 57 төсек, "Балбұлақ" республикалық балаларды оңалту орталығында 65 төсек, ҚР ДСМ "Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтында" 100 төсек қарастырылған көрінеді. Бұл орталықтар қазір ерекше балалары бар ата аналар үшін үміт отын сыйлайтын, талай баланың өмірге бейімін арттырған, алғысқа бөленген мекемелер болып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттің осы мәселеге көңіл бөлуіне орай саны артып жатқан әлі де болса ашылып жатқан медициналық қызмет көрсету орындары да баршылық. Мәселен "Қамқорлық" бастамасы арқылы 30 орталық ашылған, олардың 15-і оңалту орталығы және 15-і ерте араласу орталығы. Жекеменшік оңалту орталықтарына мемлекеттік қолдау да қарастырылған. Балалардың бойындағы сырқатын ерте жастан анықтап, мүгедектікті анықтауға және алдын алуға бағытталған мұндай орталықтардың маңызы зор! Даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар балалар осы орталықтарда сауықтыру және оңалту көмегін ала алады.


Рекомендовать
Последние новости