Ердоған Ресейден кешірім сұрады...

Dalanews 28 июн. 2016 12:17 885

Түркия Президенті Тайып Ердоған Ресей ұшағын атып түсірген түрік әскерилері жазаланатынын, сол келеңсіз оқиға үшін кешірім сұрайтынын айтып, Ресейге хат жазғаны хабарланды. Бұл туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Түркия премьері Бинали Йылдырым ресми Анкара түрік әскері атып түсірген Ресей ұшағы үшін ақшалай өтемақы төлеуге дайын екенін де жеткізіпті.

Ердоған екі ел мүддесіне сай келмейтін кикілжіңді доғарып, еларалық қарым-қатынасты тез реттегісі келетінін бұған дейін білдірген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы қарашаның 24-і күні Түркия әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшағы «әуе кеңістігімізге кіріп кетті» деп, Ресейдің СУ-24 ұшағын атып құлатқан. Бұл оқиғадан кейін түрік президенті Режеп Тайып Ердоған «Ресей ұшағының Түркияның Сириямен шекарасын бұзып кіргенін, бірақ өз елінің ұшақ ату оқиғасына қатысы Ресеймен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейтінін айтқан-тын. Ұшақтан парашютпен секіріп түскен ұшқыштардың бірін «Сириядағы көтерілісшілер атып өлтіргені» хабарланған. Ресей президенті Владимир Путин бұл оқиғаны «ту сыртымыздан берілген соққы» деп атап, Түркияға санкция жариялаған еді.

Рекомендовать
Последние новости