ЕО-ның Ресейге қарсы әзірлеп жатқан 19-шы пакет санкциясы Қазақстанды да шарпуы мүмкін - БАҚ

Кәмшат Сатиева 08 сент. 2025 13:50

Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялардың 19-шы пакетін дайындауда, онда да үшінші елдер арқылы тауарларды қайта экспорттауға тыйым салынбақ. Бұл туралы Politico басылымы жазады. Ондағы дерекке сүйенсек,  бұл шара санкцияны айналып өту жолдарымен күресуге және тікелей ЕО-дан емес, делдалдар арқылы жүргізілетін жеткізілімдерге деген бақылауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еуропалық одақ Орталық Азия елдері арқылы Ресейге параллель жүретін импорт көлемінің өсіміне байланысты бірнеше рет алаңдаушылық білдірген болатын. Атап айтқанда, Еурокомиссияның мәліметінше, Қазақстаннан Ресейге бағытталған экспорт көлемі 2023 жылы 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 30%-ға өскен. Ресей Федерациясына қазақстандық делдалдар арқылы еуропалық автомобильдер, электроника және өнеркәсіп жабдықтары тасымалдарының ерекше өсімі байқалады. 

ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстанның Ресейге бағыттаған экспортының көлемі 9,2 млрд долларды құрады, оның едәуір бөлігі — машина жасау саласының тауарлары мен тұтыныс техникасы. ЕО бұл ағындарды санкцияларды айналып өту қаупі ретінде қарастырады.

"Сондықтан санкциялардың 19-шы пакетіне қайта экспорттауға салынған тыйым логистика, сауда-саттық және делдалдық қызметтер саласында жұмыс істейтін қазақстандық бизнеске тікелей әсер етуі мүмкін", делінген шетелдік басылымда.

Бұған дейін Қазақстан да мүшесі болып табылатын ОПЕК + елдері келесі айда нарықтағы үлесін ұлғайтуға ұмтыла отырып, мұнай өндірісі көлемін арттыруға өзара келіскенін жазғанбыз. Сарапшылар бұл жайттың әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін екенін болжайды.


Рекомендовать
Последние новости