Елші Хамзаев «бәріне түсінікті болсын» деп орысша сөйледі

Dalanews 09 мар. 2017 08:44 960

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Қазақстан Республикасының Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті елшісі Алмас Хамзаев қазақ тілді журналистердің сұрағына мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан болатын. Алайда шара аяқталғаннан соң Елші өз кінәсін мойындайтынын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барсында «Қазақстан» телеарнасының журналисі Еуропалық одақтың Қазақстанға, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа көзқарасы жайында сұраған еді. Сонымен қатар, журналист Елшінің бұған дейін ресми тілде айтқан ақпаратын мемлекеттік тілде қайталап беруді өтінді.

Алайда елші Хамзаев «барлығына бірдей түсінікті болсын» деген желеумен ақпаратының бәрін қайтадан орыс тілінде айтып шықты. Бұдан соң, тележурналист Елшіден қосымша бір-екі ауыз сөзді мемлекеттік тілде жеткізуді тағы да сұрады. Дегенмен, Хамзаев мырза оны дұрыс түсінбеген болуы керек. «Біз бұл жерде менің қазақ тілін білу деңгейімді тексеру үшін жиналмаған шығармыз» деді. Сосын ол қажет болса, мемлекеттік тілде бөлек сұxбат беруге дайын екенін де айтып қалды.

Осы мәселеге орай, ҚазАқпарат тілшісі елші Хамзаевқа «бөлек» жолығып, журналистің эфирге қажетті ақпаратын мемлекеттік тілде не үшін бермегенін түсіндіріп беруді сұраған болатын. «Иә, иә, мен оны (мемлекеттік тілдегі ақпараттың эфирге қажет екенін - авт.) түсіндім. Менің айтқаным, осында отырған журналистердің көбісі орыс тілінде сұрақ қойып, орыс тілінде жауап беріп отыр. Журналистердің бәрі түсінсін деп, бір тілде сөйлегеніміз жөн деп санадым. Бірақ, мемлекеттік тілде де ақпарат қажет екенін соңынан түсіндім. Қарсылығым жоқ, мемлекеттік тілде айтып беремін. Ендігі жолы осы жағын нақтылап айтып беремін. Келесіде ескеремін», – деді елші Хамзаев.

Рекомендовать
Последние новости