Елордада «Игі істер марафоны» жалғасып, көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері таратылуда

Dalanews 07 мар. 2022 07:29 969

«Игі істер марафоны» аясында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Нұр-Сұлтан әкімдігінің бастамасымен халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік себеттері таратылуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада 6-8 наурыз аралығында «Игі істер марафоны» аясында 500-ден астам азық-түлік себетін тарату жоспарланған. Азық-түлік жиынтығына күнделікті қажетті өнімдер кіреді.

Олардың арасында күнбағыс майы, ұн, күріш, жарма, қант, шай, макарон өнімдері, ет консервілері, кәмпиттер, балаларға арналған тәттілер бар. Көмек елорданың барлық төрт ауданында тұратын отбасыларға көрсетіледі.

– Қала әкімдігі демеушілермен бірлесіп, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Игі істер марафоны» қайырымдылық акциясын бастады. Біз барлық мұқтаж азаматтарға арнайы тізім бойынша азық-түлік себеттерін үлестіре бастадық. Олардың арасында қарттар, I, II, III топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғыз басты аналар, көпбалалы отбасылар бар. Акция аясында 6-8 наурыз күндері 500-ден астам отбасыға көмектесуді жоспарлап отырмыз. Мұндай шаралар наурыз айының соңына дейін жалғасады. Айдың соңына дейін біз бір мыңнан астам отбасын қамтуды жоспарлап отырмыз. Көмек демеушілер есебінен көрсетіледі. Бұл себеттерді үйлерге әкімдік қызметкерлері, еріктілер, қарапайым азаматтар жеткізеді, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.

Өз кезегінде себет алған елорда тұрғыны, көпбалалы ана Арайлым Арипова алғыс айтып, барлық әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

– Мен бес баланың анасымын, қала әкімдігі мен еріктілер тарапынан жасалған күтпеген сыйлық үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Мұндай мерекеде көп балалы аналар туралы ұмытпаған жөн, бұл күтпеген және жағымды жағдай. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық аналарды келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! – деді көпбалалы ана Арайлым Арипова.


Сондай-ақ, қалалық әкімдік өкілі әйелдерді құттықтап, елорданың жанашыр азаматтарына үндеу жолдады.

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі нәзік жандыларды келе жатқан мерекемен құттықтайды, сондай-ақ жанашыр азаматтарды осы акцияны қолдауға, азық-түлік себетін жинауға және оны мұқтаж отбасыларға жеткізуге шақырады, – деді Қуаныш Молдабек.

Мерекелік себетке ие болған өзге тұрғындар да ризашылықтарын білдірді. Бүгінге дейін азық-түлік себеттері 300-ден астам отбасыға жеткізілген. Қалғандары жақын күндері беріледі. Жеткізу барысында санитарлық нормалар толықтай сақталады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы «Игі істер марафоны» аясында елорданың мұқтаж тұрғындарына 15 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылды.


Рекомендовать
Последние новости