Елордада есірткі қылмысына қарсы айлық аясында бірнеше күдікті ұсталды

Ақтоты Жапатова 10 сент. 2025 11:59

Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен өтіп жатқан есірткі қылмысына қарсы айлық барысында бірнеше адам қолға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Республикалық «Қарасора» жедел-алдын алу операциясы кезінде 27 жастағы астаналық ұсталған.

- Тергеу барысында оның жалға алған пәтерін есірткі сақтайтын қоймаға айналдырғаны белгілі болды. Тінту кезінде полицейлер 300-ден астам оралған пакет, ақ түсті ұнтақ тәрізді заттар салынған пластик ыдыстар және электронды таразыларды тәркіледі. Күдікті ұйымдасқан есірткі саудасының бір бөлігі болғаны анықталды: ол қоймашы рөлін атқарып, есірткі партияларын сақтаған. Тыйым салынған заттар интернет-ресурстар арқылы арнайы «оператордың» нұсқауымен таратылып отырған. Қызметі үшін күдікті электронды төлемдермен ақы алып келген. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, басқа да қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ полиция 49 жастағы шетелдік азаматты ұстады. Ол Астанада ұзақ уақыт тұрып келген әрі ықтиярхаты бар. Тінту кезінде 80-нен астам оралған пакет табылып, сараптама олардың синтетикалық есірткі екенін растады. Жалпы салмағы 80 грамнан асқан. Қазіргі уақытта күдіктіге есірткіні сақтау, сату және қолдану фактілері бойынша іс қозғалып, қамауға алынды.

Елорда полицейлері есірткінің заңсыз айналымына қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, тұрғындарды тыйым салынған заттардың таралуы туралы мәліметті бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырды.

Айта кетейік, елордада 30 күндік кешенді профилактикалық іс-шаралар басталған болатын. Оның аясында бірлескен рейдтер, оқу орындарында түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ есірткі тарататын интернет-сайттарды анықтау және бұғаттау шаралары жүргізілуде.


Рекомендовать
Последние новости