Елорда шежіресі: Алғашқы жылдар айшығы

Dalanews 01 июн. 2023 17:44 989

Тәуелсіз жаңа мемлекет Қазақстанда жүргізілген реформалардың сәттілігі Елордасын көшіруге қатысты мәселенің шешілуіне байланысты еді.

Жаңа Қазақстанды жаңа Елордада қалыптастыру керек болды. Қазақстан Президенті 1993 жылдың соңында Елордасын Алматыдан республиканың басқа бір қаласына көшіру қажеттігін алғаш рет жария етті. Бұл жаңа бастамаға мүлдем сенбегендер, күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Көпшілік ызғыған жел мен қақаған аяздан қорықты. Ресми деңгейде бұл бастама 1994 жылы 6 шілдеде Н.Назарбаевтың республиканың Жоғарғы Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде айтылды. Депутаттар қолдап, шұғыл түрде Елорданы көшірудің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге нұсқау берген қаулыны қабылдады. Бұдан кейінгі оқиға былайша өрбіді: 1995 жылдың 15 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Елорданы Ақмолаға көшіру туралы Жарлыққа қол қойды да, осы жылдың 28 қыркүйегінде үкімет Мемлекеттік мекемелерді көшіру жөніндегі комиссияны құрды. Десек те, қаражат жағы тым тапшы еді. Тәуекелшіл қадамдарға бару керек. Мұны кешіктіруге болмайтын еді. Сондықтан да 1995 жылы «Жаңа астана» арнайы қоры құрылды. Ол жаңа Елорданың бой көтеруін тұрғын үйлер мен үкіметтік ғимараттардың құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс болды. 1996 жылы мемлекет басшылығы қосымша қаржы көзін тарту мақсатында "Арнайы экономикалық аймақ" құрды. 1997 жылдың 20 қазанында тәуелсіз Қазақстанның өмірінде маңызды тарихи оқиға - Ақмола еліміздің астанасы атанды.
1997 жылғы 8 қарашада Елордаға мемлекеттік биліктің ерекшелік белгілері – Ту, Елтаңба және Президент штандарты әкелінді. Ақмола осылай ел Астанасына айналды.Ұрыста тұрыс жоқ. Алатаудың мамыражай бауырынан Арқаның дауылын бағындыру әп-сәтте басталып кетті.
Адам тарихты жасайды, тарих адамды сынайды. Ал сынақты көтергенді елі де құрметтейді, жұрты да жақтайды. Қазақта осындай сан қатпарлы сынақтан сүрінбей өтіп, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жайсаң жандар Астананың іргетасын қалады.
Олар еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мемлекетіміз құрыла бастаған талмауыр тұста жаңа экономикалық қатынасты игеруге батыл кіріскен санаулы қайраткерлердің қатарынан. Жаңа Елорадаға аса жауапты, аса іскер басшы қажеттігі сөзсіз еді. Таңдау Жақсыбековке түсті. Сөйтіп, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Әділбек Жақсыбеков жаңа астананың алғашқы әкімі болып тағайындалды.
Жаңа 1998 жылды республикамыз жаңа Елордамен қарсы алды. Бас шаһарға соны өзгеріс, жаңа леп келді. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы болды. Қоғамдық сананы коммунистік, отаршылдық көзқарастардан арылту мақсатында қала көшелерінің атауы өзгертіле бастады. Жаңа Елорда көшелері атауының басым бөлігінде «менмұндалап» тұрған коммунистік «бояуды» кетіру қолға алынды. Тек 1997-1999 жылдар аралығында қаладағы Катченко - Манас, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М. Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникидзе – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл, Микоян – Сырдария, Монин – Ақжайық, Тельман – С. Торайғыров, Шмидт – М. Дулатов, Социалистическая – М.Х. Дулати, Крупская – Ш. Бөкеев, Кравцов – Л.Н. Гумилев, Красноармейская – Т. Рысқұлов, Первоймайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш. Уәлиханов, Литейная – Иманжүсіп көшесі болып атауы өзгертілді.
Бұл Шығыс пен Батыстың озық мәдени және сәулет үлгілерін үйлестіре отырып бүгінгі заман талабына сай, сонымен қатар ұлттық бояуы қанық, өзіндік өрнегі бар өзгеше қала салу жолындағы әзірге ұшы-қиыры көрінбейтін жұмыстың басы ғана болатын. 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының атауы Президент Жарлығымен Астана болып өзгертіліп, Елордада Сарыарқа және Алматы ауданы құрылды. Ал 9 мамырда Астана Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия Президенті, Түрікменстанның Мәжіліс төрағасы қатысқан түркі тілдес мемлекеттер басшыларының алғашқы саммитін өткізді. 20 мамырда Президент Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заңға қол қойып, ел астанасының құқықтық мәртебесін, саяси және экономикалық негіздерін айқындап берді. Кешегісіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ. Өскелең ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады, өмірлік бағыт-бағдар ұстанып, елінің жарқын игіліктерін таниды. Елдік мүддеге жұмылады. Осынау өміршең қағиданы қаперінде ұстаған қала әкімдігі 9 маусым күні Астана қаласында Отан қорғаушылар ескерткішінің іргетасын қалады. Оған Түркия Президенті Сүлеймен Демирел, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев және басқа да жоғары мәртебелі меймандар қатысты. Ертеңіне10 маусым күні Астананың халықаралық тұсаукесер тойы болды. Тойға жоспарлы түрде әзірлену үшін арнайы қысқа мерзімді бағдарлама қабылданды. Мұны іске асыруға 217 қазақстандық және шетелдік компания қатысты. Құрылыс-монтаж бен жөндеу жұмыстарына барлығы 13,8 мың адам қатысып, соның арқасында қаланың 248 мың шаршы метр аумағы түбегейлі жаңғыртылды. Ал 12 маусымда Жоғарғы сот ғимаратының жанында қазақ қоғамындағы билер институтының үлгісі - халқымыздың қадірлі тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған ескерткіш ашылды. Жұртшылық жоғары бағасын берді. 18 маусымда Астана қаласының тұсаукесер рәсімін әлем қазақтарына таныту мақсатында Елорда төрінде дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Оған әлемнің 20 елінен 100-ге тарта қонақ келіп қатысты. 1998 жылы осындай ауқымды шаралар атқарылған Астанада1999 жылдың 18 қаңтарында халықаралық білім стандартына сай «Мирас» халықаралық мектебінің іргетасы қаланды. 8 сәуірде Астана атына лайық жаңа әуежайдың құрылысы аяқталып, ашылу салтанаты өтті. Бас қала басшылығы көрсе көз тоятын шахарды көріктендіру жұмыстарымен рухани саланы да қатар алып жүрді. Аталған жылдың 29 сәуірінде Астана қаласында тұңғыш рет республикалық дәрежеде ақындар айтысы басталды. Оған ескі көз ақындар Көкен Шәкеев, Қалихан Алтынбаев бастаған жиырма екі жүйрік қатысты. Бас жүлдеге тігілген жеңіл көлік қостанайлық жыр зергері Әсия Беркеноваға бұйырды. Ал 23 мамырда Елорда төрінде алғаш рет «Астана аруы» байқауы өтті. Бұған әр тараптан іріктеліп алынған 17-25 жас аралығындағы отыз бойжеткен қатысса, 10 маусым күні Астана қаласы бір жылдық мерекесін салтанатпен атап өтті. Осы күні қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында акцияларының 90 пайызы мемлекет меншігінде болатын Технопарк ашылды. Қарқынды еңбек нәтижесі де көп күттірген жоқ. 1999 жылдың 16 шілдесінде Боливия астанасы Ла-Пас қаласында ЮНЕСКО-ның шешімімен Елордаға «Қалалар бейбітшілік үшін» сыйлығы берілді. Қазақстан астанасы осы уақыттан бастап «Бейбітшілік қаласы» деп аталады. 28 шілдеде Астана қаласында «SOS Kinderdorf International» халықаралық қорының қолдауымен төрт гектар аумақты алып жатқан отбасылық үлгідегі 12 үйлі балабақша типтес медициалық орталық, 15 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Абай және Жеңіс даңғылдары қиылысында аумағы 32 мың шаршы метр, 12 қабаттан тұратын Қаржы министрлігінің сәулетті де еңселі ғимараты пайдалануға берілді. Екі жыл ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар реконструкцияланды. Көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілді. Қалаға мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономиканың барлық сала мамандары көшіп келді. 2000 жылдың 27 қаңтарында қала әкімі Ә. Жақсыбеков Елбасын Астананың бас жоспарымен жан-жақты таныстырды. Бұл жобада – қазіргі Президент резиденциясы, «Нұр Астана» мешіті, сонымен қатар екі ортаны жалғап жатқан «Трансойл» компаниясының ғимараты тәрізді аса ауқымды нысандар қарастырылды. Бұл күнге Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана қақпасы ашылған сәт» деп баға беріп, қала құрылысы тың серпінмен жалғасын тапты. Осы жылы Елордада мәдени нысанның бірі – Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық Опера және Балет театры ашылды. Халық бас қалаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылып жатты. Оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері де баршылық еді. Жеңіс мерекесі қарсаңында 18 майдангерге «Таврия» жеңіл автокөлігінің кілті мен 26 соғыс ардагеріне пәтер кілті табысталды. Рухани сала бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, Астананың рухани сұранысын қанағаттандыру үшін қазақ тілінде әдеби шығармалар саудалайтын «Абай» кітап дүкені ашылды. Мәдени демалыс бағытында 15 тамыз күні Есіл өзенінің қала орналасқан өн бойын шарлай жүзіп, қонақтарға шаһар көркін таныстыратын «Ақбұлақ» саяхат кемесі жүре бастады. Ақмола қаласы еліміздің жаңа астанасы деп танылған тарихи күнге орай 10 желтоқсанда Конгресс-холда салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара үстінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы тапсырылды. Қала орталығынан "Интерконтиненталь", Қаржы министрлігі сияқты әсем ғимараттар бой көтерді. Есілдің сол жағалауынан жаңа қала құрылысы жедел жүргізілуі үшін миллиардтаған инвестиция тартылуы керек болды. Салықтан босатылған "Ақмола еркін экономикалық аймағы" құрылды. Соған байланысты басқа өңірлерден мыңдаған адам құрылысқа келе бастады. Қала іргесіндегі елді мекендер «Күйгенжар», «Мичурин», «Пригородное», «Интернациональный», «Учхоз», «Көктал» ауылдары бас шахар құрамына еніп, Елорда аумағы ұлғайды. Астана бірден дәл бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл жанашыр азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты. 2001 жыл еліміз үшін ізгілікке толы болды. Себебі, бұл жылы тұғыры биік тәуелсіздігіміздің он жылдық тарихын артқа тастап, дүбірлі мерейтойын атап өтті. Жаңадан бой көтере бастаған Астанамыз да дәл осы жылы саяси орталыққа айналып, әлемге таныла бастады. Қала сәулетінде жаңашылдық пайда болды. Тұрғындар саны еселеніп, шахар өмірі жандана түсті.Түрлі мәдени кешендер ашылып, жаңа ғимараттар бой көтерді. Аталған кезеңде Астанадағы рухани-мәдени ескерткіш-кешендердің ашылу жылы десе де болғандай. Тәуелсіздік – ата-бабамыз аңсаған асыл мұра болса, Астана сол егемендіктің топырағынан нәр алған болашақтың бесігі. Осы уақытта «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені, Есілдің оң жағалауында қаһарман қолбасшы, қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының еңселі ескерткіші, бабалар рухының өшпес қолтаңбасы, көне жәдігер, түп тамыры бір түркі халықтарының асыл қазынасы, Моңғол даласында тұрған көк түркілер көсемі Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астана қаласына жеткізіліп, мүсін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің бас ғимаратына орналастырылды. Аталған мүсіндер шахарға ерекше көрік беріп, күллі қазақтың рухын асқақтата түсті. Қалаларды айтпағанда, елдердің өзінде сирек кездесетін, Арқа төсінде ту тіккен Астана, мыңжылдық тарихы бар Алматыдан бастап, облыс, қалалардың негізгі нышандары мен еліміздің басты өнеркәсіптік нысандары, ауылдық жерлер, тау ландшафттары, демалыс орындары, күре жолдар, көпірлер бейнеленген 400-ден астам миниатюра қойылған «Атамекен» Қазақстан картасы этнографиялық-мемориалдық кешені ашылуы аз уақыт ішінде жас қаланың мерейін асқақтатып, әлем назарын аудартты. «SOS Қазақстан балалар қалашығы» пайдалануға берілді. Астана – аз уақыт ішінде бейбітшіліктің символына айналды. Оған аталған жылы Дінаралық келісімді нығайту мақсатында, Рим папасы Иоанн Павел ІІ-нің Елордаға арнайы шақырылғаны нақты негіз бола алады. Кездесудің басты мақсаты мұсылмандар мен христиандар арасындағы қақтығыстардың алдын алу еді. Сөйтіп, Рим папасының қатысуымен бірнеше салтанатты кездесу өтті. Әлем назары да Астанаға ауды. 2001 жыл Елорда үшін берекелі әрі мерекелі жыл болды. Мемлекетаралық, дінаралық қауіпсіздік нығайды. Жас шахар бейбіт келісімдер жүргізілетін орталыққа айналды. Бұл жыл көпшіліктің көкейінде бейбітшілік жылы ретінде есте қалды.
«Денсаулық жылы» деп жарияланған 2002 жылы Елорда тұрғындары үшін емдеу-сауықтыру қызметін жақсарту мақсатында Астанада «Демеу» отбасылық-дәрігерлік амбулаториясы ашылды, жас қаланың дамуы үшін бірқатар сүбелі шаралар қолға алынды. Қазақ елі халықаралық аренада өзінің салмақты орны бар, бірлік пен ынтымақтың тың бастамаларын дүниеге әкелген мемлекет ретінде танылып үлгерді. Бұл сөзімізге 2002 жылы БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннанның Астанаға ресми сапармен келуі нақты дәлел. Мәртебелі мейманның қалаға қарап қазақты тануына қала әкімдігі қосқан үлесітің орасан екені айтпаса да түсінікті еді. Сол жылы тамыз айында бірегей ғимарат, Елорданың ғана емес, тұтас қазақ ұлтының символына айналған «Бәйтерек» монументі бой көтерді. Бүгінде аталған кешен тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірнен туристер келетін орталыққа айналды. Елбасы жасаған сызба-нұсқаның негізінде тұрғызылған «Бәйтерек» монументі халықаралық байқауда ТМД елдері арасында 2002 жылдың ең үздік нысаны ретінде алтын медальмен марапатталды. Елордада бой көтерген әрбір ғимараттың тарихи тағылымы мен саяси маңызы бар. 2002 жылдың соңында Астананың жаңа орталығында өзіндік қайталанбас өрнегі бар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ғимараты пайдалануға берілді.
2003 жылы бас қала төрінде бой көтерген, бүгінде халықтың игілігіне айналған, отбасылық көтеріңкі көңіл – күй сыйлайтын нысанның бірі – «Думан» ойын-сауық орталығы. Отбасылық ойын-сауық орталығында океанариум, «Джунгли» аниматроникстер театры, экзотариум-хайуанаттар бағы, 5D - кинотеатр мен кәдесыйлар дүкені орналасқан. Орталықтағы мұхитаралдың өзі – ТМД аумағында салынған тұңғыш нысандардың бірі болып саналады. Мұнда су жануарлары мен теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді.Аталған кешен дәл сол жылдың 6 мамырында Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Астана қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл елдің қарыштап дамуының нышанына, жаһандық сәулет өнерінің бірден-бір қайталанбас, ғасыр жобасына айналды. Алғашқы жылдардан-ақ, еліміздің барлық өңірінен мыңдаған халық Астанаға ағылып, Елорданың салынуына, еңсе тіктеуіне үлес қосты.
Айhаным Болатбекқызы

 

Рекомендовать
Последние новости