Елорда маңындағы ауылдарға су кiре бастады

Dalanews 17 апр. 2017 02:23 873

Ақмола облысы Аршалы ауданының бiрнеше ауылына бiртiндеп су кiрiп жатыр. Олардың қатарында елорда iргесiндегi ауылдар да бар. Қазiргi таңда ҚР IIМ Төтенше жағдайлар комитетi аудандағы жағдайды тәулiк бойы бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Baq.kz.

Комитеттiң ресми өкiлi Руслан Иманқұловтың мәлiметiнше, Түрген елдi мекенi мен 42 разъезд стансасында судың ағысын бақылау үшiн жедел посттар қойылды. Стансада 10 үйдiң ауласына су жайылды. Бұл жерлерден 22 адам эвакуацияланды. Ағын Астана су қоймасынан апатты су жiберуден орын алған. Бөгеттiң төменгi бөлiгiне құммен толтырылған қаптар қойылды. Сондай-ақ, Волгодновка ауылында Есiл өзенiнiң деңгейi тәулiк бойы бақылануда.

"13 сәуiрде Жалтыркөл ауылында 44813 әскери бөлiмiнiң ғимараттарын су басқан болатын. Қазiр ауыл суағар каналын қазу жолымен судан тазартылып жатыр. Жұмыстар әлi жалғасуда. Ал Жiбек жолы ауылында тұрғындарды эвакуациялау үшiн 2 қабылдау пунктi әзiрлендi. Олар: 400 адамға шақталған Новоалександровка орта мектебi мен 2500 адамға арналған И.Құтпанұлы атындағы орта мектеп. Адамдарды тасымалдау үшiн 5 автобус дайын тұр. Ауылдағы жағдай тәулiк бойы бақылауға алынған. Әсiресе, «Безымянная» бөгетiнде жұмыстар күшейтiлген», - дедi Иманқұлов.

Осы себептен, ертең Жiбек жолы ауылының 1-11 сынып оқушыларына сабақ өтпейтiн болды.

Атап өтсек, Астана iргесiндегi Жiбек жолы тұрғындарының хабарлауынша, бүгiн ауылдың кейбiр шағын аудандарына су кiре бастаған. Атап өтсек, өмiрi мен баспанасына алаңдаған 4 шағын ауданының тұрғындары өзеннiң арнасынын шығып, жайыла бастағанын айтып, көмек сұрауда. Тұрғындар жiберген фотосуреттердi назарларыңызға ұсынамыз.

 

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Рекомендовать
Последние новости