"Елімізде неше түрлі адам бар": Бибосыновтың бокстан кететіні рас па?

Қаракөз Амантай 19 авг. 2024 12:57 3657

Бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жеке мансабына байланысты әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттарды жоққа шығарды, деп хабарлады Dalanews.kz.

Жақында әлеуметтік желіде Бибосыновтың ұлттық құрама команданың бұрынғы бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановтың соңынан кететіні туралы ақпарат тараған еді.

Спортшы бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

"Алла сақтасын, елімізде неше түрлі адамдар бар. Аудитория жинау үшін не істемейді?! Мынау сөз – жалған ақпарат. Мен боксты қойған жоқпын", - деді ол Instagram-парақшасында.

Айта кетейік, Мырзағали Айтжанов – Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен өзге де мамандар қызметінен босатылған еді. Бұған Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктер себеп болды.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.

Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданған.

Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды. Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізіліп, ерлер құрамасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. Осылайша келесі өзгерістер жайында хабарлаймыз:

"Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды", - деп жазылды ресми хабарламада.

Қазір Айтжановтың орнына Бокс федерациясы Туризм және спорт министрлігімен келісе отырып, Қайрат Сатжановты ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы етіп тағайындады.

Ал Сәкен Бибосынов ширек финалда өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңілді.


Рекомендовать
Последние новости