Елімізде 500-ге жуық ауқатты отбасы мемлекеттен көмек сұраған

Қаракөз Амантай 20 окт. 2025 15:17

Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында енгізілген жаңа скорингтік жүйе мемлекеттік қолдауға өтініш бергендер арасынан бай отбасыларды да анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, отбасылардың нақты әл-ауқатын бағалау мақсатында төрт мемлекеттік қызмет бойынша тиісті жоба іске қосылған. Жалпы саны 26,1 мың өтініш қаралған.

Пилоттық аймақтарда скорингтік модель үш бағытта қолданылады:

  • тұрғын үй көмегін тағайындау;
  • жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін субсидия төлеу;
  • мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу.

Министрлік мәліметінше, тұрғын үй көмегіне 1215 өтініш түсіп, барлығы қанағаттандырылған. Ал жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 1268 өтініш келіп түскен, оның ішінде 484 отбасының материалдық жағдайы жоғары екені анықталған.

Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқыту шығындарын өтеуге 1 қыркүйектен бастап 1256 өтініш түскен. Бағалау нәтижесінде олардың 32-сі 6-санатқа, яғни ауқатты отбасылар қатарына жатқызылған.

Министрлік бұл жүйе арқылы әлеуметтік көмек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталатынын атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости