Елге қайтарылған заңсыз активтер: Екі облыста әлеуметтік нысан салынады

Кәмшат Тілеухан 22 окт. 2024 14:26 3234

Қазақстанға қайтарылған барлық заңсыз қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіліп отырады. Биыл, міне осы қордан Үкімет Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, сондай-ақ Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін салуға қаражат бөлуді қарастырып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Салынатын спорт кешеніне 2,1 млрд теңге, ал музыка мектебіне 890 млн теңге бөлу жоспарланған,

Жобаға сәйкес, орталықта күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысу үшін жабдықталады, екі жаттығу залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Сондай-ақ кешенде спортшыларды жаттықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдық және басқа да қосалқы үй-жайлар қарастырылған.

Түркістан облысы, Темірлан аулында 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алуға жағдай жасайды. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.    

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және өзге салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталады деп жоспарлануда. 

Айта кетсек, заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияны ҚР Премьер-министрі басқарады, жұмыс органы – ҚР Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті.


Рекомендовать
Последние новости