"Елді 30 жыл кім басқарғанын көрсетті". Заңгер Бишімбаевтың сот отырысы туралы

Көркем Алдабергенова 04 апр. 2024 10:20 46163

Белгілі заңгер Ержан Есімханов Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты 3 сәуірде өткен сот отырысына пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Егер арсыздық не екенін білмеген болсаңыздар бүгін біз оған куә болдық. Бүгін қорқақтық деген не екеніне де куә болдық. Бұл елді 30 жылдан артық билеген адамдардың бейнесі. Көптеген адам "неге дәл осы процеске назар қатты ауып кетті? Елде басқа проблема жоқ па?" деп сұрап жатады. Біреулер су тасқыны туралы сөз қозғайды. Иә, оның бәрі рас. Елде проблема жетіп артады. Бірақ дәл қазір бүкіл ел Бишімбаевтың процесін көріп отыр.

Мен елде 40 жыл тұрып, 20 жылдан бері жұмыс істеп жүрген адаммын және оны (Бишімбаевты) тыңдап отырып, жағамды ұстадым. Оның әйелін қалай соққыға жыққанын былай қойғанда, ұлттық экономика министрлігін басқарған адам әйелі түрлі жарақат алғаннан кейін дәрігерге емес, балгерге хабарласқаны таңғалдырды", - дейді заңгер.

Ол елдегі су тасқыны мәселесін де қозғай кетті.

"Елдегі су тасқыны неден шыққаны да белгілі болды. Тасқынмен күрес – ол ғылымның, инженерлердің, геологтардың, гидрологтардың жұмысы. Қандай да бір проблема болса сол саладағы адамға жүгіну – ойлау тәсілінің бірі. Ал біздің елді мамандарға емес, балгерлерге жүгінетін елдер басқарған. Бишімбаев ісі мен су тасқыны – таяқтың екі ұшы, бұл елдегі процестерді кәсіби мамандар емес, кездейсоқ адамдар басқарып отырғанын көрсетіп отыр", - дейді Есімханов.

Ол Бишімбаев процесі – елдің айнасы екенін айтады.

"Ал біз – жақынына қол көтермеген, баласына дұрыс тәрбие беріп, адал еңбекпен ақша тауып отырған адамдар елімізде шын мәнінде не болып жатқанын түсіну үшін осындай процестерді қалдырмай көруіміз керек. Әділеттілік, судьялар мен прокурорлар, министрлер мен күйеулер қандай екенін көру керек. Себебі дені сау адам айналасындағылардың да есі дұрыс деп ойлайды. Ал шын мәнінде олай емес.

Бишімбаев процесі – терапия секілді. Адам ауруы асқынғаннан кейін ғана терапиядан өтсе, одан айығу да ауыр болады. Бірақ сол терапиядан өту керек, себебі бұл сол проблеманың жалғыз шешімі. Проблеманың бар екенін мойындамасаң онымен күресе алмайсың", - дейді заңгер. 

Айта кетейік, бұған дейін Ержан Есімханов "Бишімбаев ісі" елдегі сот жүйесінің қандай күйде екенін әшкерелеп бергенін айтқан болатын.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде қазақстандықтар судья, прокурор мен адвокаттардың дөрекілігіне наразы болған. Заңгердің сөзінше,олардың өзін ұстауына таңғалудың қажеті жоқ.

"Бұл бүкіл ел онлайн көруге мүмкіндік алған ауқымды процесс, сондықтан кәсіби мамандар да, қатысы жоқ адамдар да процеске қатысты пікір білдіруге тырысып жатыр. Олардың көбі процесс қалай өрбіп жатқанына наразы. Прокурорлар селқос, айыпталушының адвокаттары дөрекі, судья процесті бақылауда ұстамай отыр дейді. Сондықтан адамдарда процесс бақылауда тұр, шешім белгілі, әділдік болмайды дегендей ой қалыптасқандай болған.

Бұл қалыпты нәрсе, әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ бір нюанс бар. Мұны бұған дейін сот процестеріне қатысқан адам түсінеді. Олардың өзін бұлай ұстауы жаңалық емес, олар өзін үнемі осылай ұстайды. Үнемі. Прокурорлар селқос. Бір тұжырымды қайталай береді. Заңгерлер олар не үшін бір нәрсені қайталай беретінін түсінеді, айыптаушы тараптың белгілі бір процедуралық міндеті бар, олар сол тапсырманы орындауы керек", - дейді заңгер.  


Рекомендовать
Последние новости