Жиырма бірінші ғасырдың екінші ширегіне аяқ бастық. Осынау сырты күнболжатпас сынаққа, іші алаңда алаң сұраққа толы кезеңде Президент Қ.Тоқаевтың “Ана тілі” газеті арқылы елге жолдаған үндеу-сұқбаты біршама ойға жетелеп, бірқатар жарымжан сауалға жауап тапқаны рас.
Өз басым оның барлығын түрін түстеп түгендемей, ең басты үш мәселені атап өткім келеді.
Бірінші – саясат. 2022 жылғы “Қаңтар дағдарысынан” ел де, ел басшылығы да дұрыс сабақ алды. Сұқбатта саясаттанушылар назар аударатын бір ерекше дүние - осы бір дүрбелеңнің қарапайым адам түсіне бермейтін интригасын да, баршаға ортақ трагедиясын да, мемлекет үшін тағдыршешті финалын да Мемлекет басшысы шынайы жеткізе білді. Саяси тұрғыдан бұл өте маңызды қадам. Өйткені, 2019 жылдан бері ойда жүрген саяси реформаларды қайта қарап, жылдамдатқан да осы оқиға болғанын Президент ашық айтты. Бұл, сөз жоқ, саяси еркі мықты тұлғаларға тән қасиет.
Екінші – экономика. Иә, ондағы жағдайдың мәз еместігін Президент мойындап отыр. Десе де, төл экономикамыздың ашықтығын, нарыққа байланғандығын, сыртқы факторларға тәуелді екендігін қазір еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін біледі. Нарықтық экономика - біздің о бастағы таңдауымыз және бұл бірден-бір дұрыс таңдау. Бар мәселе - оның осы 34 жылда тиісті диверсификация яки әртараптанбауында. АҚШ долларына тәуелді әлемдік экономикада “голланд ауруы” немесе Горнинген эффектісі деген түсінік бар. Табысы шикізат, әсіресе мұнай өндірісіне тікелей тәуелді елдердің инвестициялық қақпанға түсуі, міне, осыдан басталса керек. Әрине, осы уақытқа дейінгі қазақ үкіметінің қай құрамы болсын диверсификация мәселесін экономиканың нақты секторына инвестиция тартудан бастау керектігін білмеді емес, білді. Алайда осы 30 жылда елге келген ұзын саны 441 млрд. АҚШ долларының 90 пайызы шикізат өндіру саласына кетсе, қалған 10 пайызы, өкінішке орай, нәтижесіз орындалған түрлі мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар аясында құмға сіңген судай болғандығы жасырын емес. Оның қасында экономиканы әртараптандыруды жаңа жағдайда жалғастыру, оның ішінде Үкімет қабылдаған 2029 жылға дейінгі инвестиция тарту бағдарламасының алғашқы қадамы ұтымды көрінетіні рас. Бұл туралы Президент: “Қазақстан 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвес¬тициясын тартты… Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде”, - деп атап өтті. Әрине, бұл нәтиженің жемісі келер жылдардың еншісінде екені түсінікті.
Үшінші – заң мен тәртіп. Шын мәнінде, саяси санасы мемлекетшіл боп қалыптасқан әрбір тұлға үшін “демократия - ел билеу формаларының ішіндегі ең үздігі” болса, заңдылық пен тәртіп - сол демократияның ең басты кепілі. Оған тарих та, дамыған демократиялық елдердің тағдыры да куә. Түптеп келгенде бұл хақ пен міндеттің сұрағы емес. Ең алдымен руханият пен идеологияның талабы. Өйткені, қазір бүкіл ел ту еткен “Әділеттілік” принципі тек баршаға міндетті заң мен тәртіп бар жерде ғана орнайды. Заңын құрметтеп, тәртіпке бас иген азаматтың сай-санасы мен ішкі рухы, адами ұстыны мен саяси мәдениеті де жоғары болмақ. Сол себепті де Президенттің: “Заң мен тәртіп” – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты”, - деген тұжырымымен келіспеу қиын.
Әлбетте, бұл үш мега-бағыттағы үрдістерді болашақта бір арнада қабылдап алатын бір ғана мұрагер бар - ол саналы ұрпақ. Осы орайда, Мемлекет басшысы бүгінгі жастардың ең басты “бас ауруы” күнделікті күйбең тіршілік емес, замануи ілім-білім мен зиялы тәрбие болса дейді. Сөз арасында күні кеше қоғамның үлкен талқысына түскен АЭС салу мәселесін қозғай келе, оның жәй энергия көзі емес, күрделі ғылым мен технологияның өзі екенін меңзеп өтті. Расында да, Илон Масктің әйгілі SpaceX корпорациясының ғарышты игерудегі бүгінгі қарқынын көріп, планетаралық қашықтықты еңсеруге қабілетті бірден-бір энергия көзі - уранның мол қорын иелене отырып, осы бағыттағы ғылым мен технологиядан кенже қалуымыз кешірілмес тарихи қателік болар еді. Кезінде от-қарудан кенде болған Абылай қоғамынан қалған: “Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік” деген қағидасын 300 жылдан кейін қайталап отырмасақ екен.
Әрине, құрғақ сөз тек сөз қуады, ал ойдан ой туады. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде қоғамға серпін берген бұл сұқбат туралы әркімнің пікірі әртүрлі болуы заңдылық. Десе де, ел Президентінің халық алдындағы: “Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді”, - деген бір ғана сөзі көзі қарақты, көкірегі ояу барша жанға үлкен сенім ұялататынын мойындау қажет.
Болат ТІЛЕПОВ