ЭКСПО туралы шетелдік ақпарат құралдары не деуде?

Dalanews 05 июл. 2017 10:02 1248

Көрме туралы кім не деп жатыр осы? Әлем Қазақстанда ЭКСПО өтіп жатқанынан хабардар ма? Осыны назарға алған біз шетелдік баспасөзге шолу жасап шыққанды жөн деп таптық. Олар біз туралы, көрме туралы не деп жазыпты?
 
Алдымен сандарды сөйлетейік, бірақ. Қысқа да нұсқа болсын:
Көрме басталғанына екі аптадан аса уақытта ЭКСПО-ны көруге 400 мыңнан аса адам келген, оның ішінде 140 мыңы шетелдіктер.
 Бір ғана «Нұр Әлем» сферасының өзін 150 адам тамашалап үлгеріпті (Есімовтың сөзіне сілтеме жасап айтып отырмыз).
Ашылуы салтанатына көршілер Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан тыс өзге 8 елдің мемлекет басшылары қатысты.
Қазақстанның және шетелдің 2 мыңға жуық журналисі хабар таратты, таратып жатыр.
Осыған байланысты көрменің баспасөз қызметіне сауал жібергенбіз: ЭКСПО туралы барлығы 2998 мақала жарияланса, соның 700-ден астамы шетелдік басылымдарда шыққан.
 Енді негізге тақырыпқа көшелік. Әлемнің іргелі ақпарат агенттіктері мен газеттері, телеарналары көрме жайында не деп жазды?
 Image result for the independent

The Independent: «Астана Сингапур бола ала ма?»


Басылым тілшісі Хлоя Фарэнд былай депті: «Қазақстан астанасы жаңа әлемдік туристік орталық бола алады. Жоқ, рас. Астананы Орта Азияның Сингапуры дер едім... Футуристік келбеті күшті, өйткені.

Білсем, бұл қаланың сәулетіне әйгілі Норман Фостер үлес қосқан. Оның лондондық компаниясы хай-тек стиліндегі ғимараттармен танымал. Архитектор Хан Шатырдың жобасын жасаған болатын.

ЭКСПО ма? Қазақстанның "Нұр-Әлем" ұлттық павильонын сфера формасындағы ең ірі ғимарат деп атайды. Көрме ашылғаннан бері павильонды жүз мыңдаған адам аралаған. Қазақстан үшін ЭКСПО - әлемге өзін көрсетіп, дүние жүзінен туристерді тартуға мүмкіндік».
Түсінгеніміз, туристер Астанаға таңғалуда. Демек, оның келбетінде әлемдік мегаполистерге ұқсамайтын ерекшелік бар ғой? Әлде біз қателесеміз бе?
 


Forbes: «ЭКСПО-ны көрудің 5 себебі»


АҚШ-тың әйгілі Forbes журналы ЭКСПО туралы жалғыз материалмен шектелмепті. Алғашқысы «EXPO 2017 Қазақстанның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» деп аталады. Мақала авторы ЭКСПО-ны өткізу арқылы біздің ел баламалы қуат көздерін табуда жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін екендігін болжапты.

Екіншісі «ЭКСПО-ға барудың 5 себебі» деп аталады. Бұл алғашқысынан қарағанда әлдеқайда тереңірек зерттелген дүние екен. Мақала авторы көрмені ғана емес, Астананы түгел қамтыған.

«Біріншісі, Ұлы Жібек жолы осы елдің аумағымен жүріп өткен. Көшпенділер туралы қызықты деректерді осы елден табасыз.
Екіншісі, дәл қазір жасыл технология саласындағы түрлі жобалар Астанада топтасқан. Сізге идея керек пе? Ендеше оны ЭКСПО-дан табуыңызға болады.

Үшіншісі, қонақжайлық. Оған Астанаға өз аяғыңызбен келгенде көз жеткізесіз. Төртіншісі, стиль. Астананың стилі. Бұл нағыз футурология. Бесіншісі, ал бесінші ерекшелікті сіз Астанаға аяқ басқанда айтамыз» дейді автор. 

Осылайша көрмені көрудің 5 себебін тізбелеп беріпті. Иә, бұл да болса жарнама...

 

Image result for cnn images


CNN: «Посткеңестік қаладан ғажайып Астанаға дейін»


Иә, CNN телеарнасы сөй депті. Арна Астанаға «болашақтың ғажайыбы» деген баға берген екен. Білсек, Елорданы бүге-шүгесіне дейін білетін адам жазған сияқты.
«ЭКСПО-2017»: Астана қонақтарын не күтіп тұр?» деген репортажда Хан Шатырдан бастап Ұлттық мұражайға дейін түгел қамтылыпты. Астанадағы әр нысанның анықтамасын жазып шығыпты.

«ЭКСПО-ға келгенде көрмемен шектеліп қалмаңыз, міндетті түрде Ұлттық мұражайға бас сұғыңыз. Мұражайдың Алтын залында қола ғасырының жүздеген, мыңдаған жәдігері бар. Оның ішінде 1969 жылы экс-астана Алматыдан 70 жерде табылған «Алтын адам» көздің жауын алады» деп жазған екен телеарна тілшісі. Иә, осылай қысқа да нұсқа. Есесіне бұл мақаланы оқыған туристер ЭКСПО-дан өзге нысандарға да бас сұғып, еліміздің бұрынғы және бүгінгі тарихымен танысары анық.

Image result for Daily Mail


Daily Mail: «Қазақстанның болашақтағы мақсатын білесіз бе?»


Таралымы 1 млн. 648 мың дананы құратын ағылшын әйгілі Daily Mail басылымы ЭКСПО-ға егжей-тегжейлі тоқталыпты. Басылым тілшісі әсіресе көрмеге арнап жасалған ақпараттық орталыққа таң қалған екен.
«Жоқ, рас. Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген журналистер мен еріктілерді кезіктіруге болады. Бұдан тыс 150-ге жуық аудармашы бар. Пікір алмасу тұрғысынан кедергі жоқ»

депті тілші.

Әрі еліміздің мұндай шараны өткізуінен белгілі бір саяси астар іздемек болған екен. Онысы да дұрыс. «Білесіздер, Қазақстан шикізатқа қарап отырған ел. Қара алтынға тәуелді. Бұл елдің мұндай ауқымдағы шараны өткізуінде болашақта жаңа энергия көздеріне арқа сүйейтінін көрсетеді. Бұл бағыт болашақ Қазақстанның басты бағыттарының бірі болмақ» деп жазылған мақалада.

Басылым Қытай елінің көрмеге қатысуға бірінші болып келісім бергенін келтірген. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай павильонына екі рет барғаны айтылған.

Image result for TRT Haber

TRT Haber: «Түрік кәсіпкерлері ЭКСПО-ның әлеуетін көріп отыр»


Түркияның телерадиокомпаниясы да ЭКСПО-ға арнап үлкен репортаж әзірлепті. Ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік. Мақала авторы көрме ғана емес, екі елдің арасындағы экономикалық байланыстарға да тоқталып өтіпті.
«ЭКСПО-ның Түркия павильоны көздің жауын алады. Оның ашылуына Астанадағы ЭКСПО Түркия комиссары Тарык Сөнмез,  Қазақстанның инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык қатысты» делінген мақалада. 
Автордың айтуынша, көрмеге келген түрік азаматтарының арасында туристер жетіп артылады. Сонымен бірге осы көрме аясында әріптестік байланыс орнатуға келген кәсіпкерлер де баршылық.

«Көрме жоғары деңгейде өтуде әрі ерекше әсер қалдырды. Әрі қарай да осы қарқыннан таймағаны маңызды. ЭКСПО аяқталады. Алдағы уақытта оның нысандарын бірігіп пайдалану туралы жобаларға да жан бітірген жөн. Бұл туралы Қазақстанның инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек те айтып қалды. «Қазақстан-Түркия арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды қайта пысықтайтын боламыз. Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі саналады. 2016 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 1,5 млрд долларды құрады» дейді министр. Бұл жақсы нышан» дейді мақала авторы. Айта кетсек, қазір біздің елде шамамен 800-ге тарта түрік компаниясы бар екен.


Сонымен...


ЭКСПО туралы жазған іргелі басылымдар мен телеарналардың саны бұл ғана емес. Іріктеп алғанымыз ғой. Ілгеріде айттық барлығы 2998 мақала жарияланса, соның 700-ден астамы шетелдік басылымдарда шыққан. Жаман көрсеткіш емес. Бізге керегі насихат қой. Көрме бүгінмен бітпейді. Ертең аяқталмайды. Алда әлі екі ай бар. Демек, мұндай мақақалар мен репортаждардың әлі талай оқимыз. Бұл өз кезегінде көрмеге келетін туристер саны арттыра түседі деген үміт бар.

Иә, солай. Себебі, бізге келетін қонақ ЭКСПО-мен ғана шектеліп қалмайды. Жоғарыдағы мақала авторлары бұған анық көз жеткізгені көрініп тұр.

Дайындаған, Аяулым Шаймардан 


Рекомендовать
Последние новости