ЭКСПО-да не өзгерді?

Dalanews 04 июн. 2017 10:31 770

Сонымен, болды. Дайынбыз. ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік жұмыстары аяқталды. Есімов бастаған «экспошылар» елдің сыны мен Елбасы назарында жүріп дайындық жұмыстарын мәресіне жеткізді.
 
Анығы, бұл сынақ болды. Біздің елдің тарихындағы ең маңызды жоба ең алдымен билік үшін үлкен сынақ болғаны жасырын емес. Билік осындай ауқымды жобаларды жүзеге асырудың қаншалықты ауыр әрі жауапты жұмыс екенін ұғынды.
 Қарапайым халықтан бұрын шенеуніктер шу шығарды. Кейбір атқамінерлердің жұмыстың «үйреніп қалған форматын» ауыстырғысы келмей бұлқан-талқан болғанын да білеміз. Бұл ЭКСПО-ға қауіп-тұғын.
 

Назарбаев не деді?


Үкіметті, депутаттарды білмейміз, бірақ көрмеге қатысты мәселелердің бастан асатынын өзге емес, Назарбаевтың өзі мойындаған болатын.
2015 жылдың шілдесінде ЭКСПО-ға дайындық барысын талқылаған шұғыл жиында Назарбаев бәрін айтып салған. Бұған жауапты шенеуніктерді жерден алып, жерге салған. Бұл жиынға халықаралық көрменің арнайы комиссарлары қатысқаны есімізде. Оған да қараған жоқ, Назарбаев.
«Әлі күнге дейін көрмеге қанша мемлекеттің қатысатыны белгісіз. Ай қарап жүрсіңдер ме?» деген болатын Мемлекет басшысы.
«Көрмеге келетін адамдарға қандай жағдай жасалатыны, ЭКСПО аяқталғаннан кейін оның шығыны мен түсімі қандай болатыны, жалпы қаншы спонсор тартылатыны, іштен және сырттан қанша турист келетіні, көрме аясында қандай мәдени шаралар ұйымдастыратынымыз туралы бірде-бір нақты жоспар жоқ» деген ашынған Назарбаев.
 

Жаңа кезең


Бұдан кейін ЭКСПО-ның сол кездегі төрағасы Талғат Ермегияев ұсталды. Ақша жеген. Коррупциямен айналысқан. Көрмеге бөлінген ақшаны қалтасына басқан. Ол ғана емес, оның жанында жүрген басқа да топ-менеджерлер де аузын майлаған. Бұл кезде ЭКСПО-ға қарата айтылған сын мен наразылық шегіне жеткен болатын.
Анығы, сол сәттен бастап көрмеге дайындық жұмыстарының жаңа кезеңі басталды.
2015 жылғы тамызда басқарма төрағасы болып Ахметжан Есімов тағайындалды. Есімов келе сала басы артық топ-менеджерлерді жұмыстан алды. Мұнысы жөн еді. Бұлар бірінің жұмысын бірі қайталайтын. Осының арқасында Есімов жылына 150 млн. теңгеден астап соманы үнемдеуге мүмкіндік алды. Жаман емес.

 Есімов бұған қатысты есеп те берді. Сәуір айында ЭКСПО төрағасы көрме есебінен бюджетке түсетін салмақтың азайғанын әрі демеушілердің көптеп тартылып жатқанын тілге тиек етті.
 

Инвестиция: дерек пен дәйек


Бұл енді тікелей инвестиция. Сол туралы айтайық. Демеушілік қаржының көлемі 38,5 млрд теңгені құраған екен. Мұның 22 миллиарды ақшалай, 15 миллиарды тауар, қызмет пен жұмыс түрінде көрсетілгенін ескеру керек.
 ЭКСПО-ның нысандарын салуға мемлекеттік бюджет есебінен жұмсалатын ақшаның көлемі бақандай 302 млрд. теңгеге қысқартылған.
 Туристерге де жағдайы жасалыныпты. Оларға арнап еліміздің қалаларына 73 маршрут әзірленіп, ауқымды мәдени-сауық бағдарламасы дайындалып қойыпты.

Күллі әлемге 24 сағат хабар тарататын Евроньюс, Дискавери, CNN, CNBC, National Geografic телеарналарында аса ауқымды жарнамалық кампания жүргізілді, жүргізіліп те жатыр.

Назарбаевтың бұдан бұрын көрме басшылығын қалай сынағанын айтқанбыз. Сол пікірін өзгерткен екен.
Биылғы жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы ЭКСПО-ның дайындығына мүлде басқа баға берді.
«Дайындық дұрыс жүріп жатыр. Сақадай саймыз деуімізге болады.  Нысандарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді Назарбаев.
 Естеріңізге сала кетсек, қазіргі күнге дейін Астанадағы ЭКСПО  көрмесіне қатысатынын 115 ел және 22 халықаралық ұйым нақтылап қойды.

Аяулым ШАЙМАРДАН


Рекомендовать
Последние новости