Екі ай бұрын анасынан айырылған 6 бүлдіршіндер қоныс тойын тойлады

Dalanews 01 авг. 2019 01:36 828

Елімізде жомартжандар аз емес. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында осыдан 2 ай бұрын анасынан айырылған 6 бүлдіршіннің жанайқайына бей-жай қарамаған Республикамыздағы жомарт жандардың бірі Эльмира Ешниязованың бастамасымен, қайырымды жандардың қолдауымен, Жұмаділовтер отбасына күні кеше ғана Жаңашар ауылдық округінде 5 бөлмелі үйді сыйға тартты.

Бала-шағасымен жаңа үйге қоныс аударған әке «Барша халқыма алғысым шексіз, Түрген аппаратына жұбайымның қайтыс болған күнінен бастап қолдап жүргендеріне, алғашқы көмек көрсеткендеріне, Эльмира ханымның бастамасымен басталған жүйелі жұмысқа ризашылығымды білдіремін. Бала-шағасының қызығын көріп, көп жасасын»,– деп ағынан жарылды ағамыз! Басына түскен қиындықты елі болып көтергеніне Мұрат Бұланбайұлының алығысыда шек жоқ.

Көпбалалы Жұмаділовтер отбасы бұған дейін Түрген ауылындағы 2 бөлмелі жұпыны үйді 15 мың теңгеге жалға алып келген. Қайғысына ортақ болған ауылдық округ әкімшілігі, ауылдың ізгі ниетті тұрғындары тарапынан алғашқы көмек көрсетілген болатын. Сонымен қатар биылғы жылдың 17 сәуірінен бастап марқұм Нәзира Қосаева 6 баласына 150 274 теңге мөлшерінде жаңартылған МАӘК тағайындалып, тұрақты алған.

Қоныс тойларына Түрген а/о әкімінің уақытша міндетін атқарып жатқан Ержан Серікұлы келіп құттықтап, көрімдігін тарту етті. Ауыл тұрғындарынан жиналған қаражат пен азық-түлік қоса берілді.

Жұмаділовтер отбасындағы баланың ең үлкені 8 сынып оқушысы болса, ең кішісі 7 айлық бүлдіршін. Бұл отбасыға Жаңашар әкімшілік қызметкерлері де қолдан келген көмектерін көрсетіп отыр.

Айта кету керек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданында 2 отбасы баспаналы болды. Жалпы аудан бойынша 9 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Оның 141-і тұрғын-үй кезегінде тұр. Алдағы уақытта Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес аталмыш отбасыларға Еңбекшіқазақ ауданында тұрақты көмек көрсетілетін болады.

 

Рекомендовать
Последние новости