Досым Сәтпаев: "Мұның бәріне "Нұр Отан" жауапты"

Dalanews 01 авг. 2019 09:23 856

«Қазақстандағы парламент сайлауы партиялар туралы заңнама өзгергеннен кейін ғана өтуі тиіс», – деп есептейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

 Оның пікірінше партиялар туралы қазіргі қолданыстағы заң бүгінгі жүйенің жөн сілтеуімен жазылған.

«Түнеукүні Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отандағы» «оң қолы» Байбекпен кездесіп, парламентті бір өзі билеп-төстеп отырған партияның алдағы уақытта атқарар жұмысын таразылады.

Тұңғыш президент партия бағдарламасын тағы бір талқыдан өткізіп, жаңалау қажеттігін, «Нұр Отанның» қарапайым халыққа жақын болуы керектігін айтып, осы жұмысты Байбекке тапсырды.

Қарапайым халыққа жақын болу... Әй, қайдам бұл қол жетпес арман «Нұр Отан» үшін. Себебі, бұл партия әлімсақтан әлеуметтің емес, номенклатураның, биліктегі ат төбеліндей топтың сойылын соғар құрылым екенін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі.

Қазақстанда осы күнге дейін орын алған толқулар мен дүмпулерге келгенде билік пен халықтың арасындағы дәнекер болуға жарамай, жұмған аузын ашпаған «Нұр Отан» бұдан былай қалың бұқараның мұң-мұқтажына құлақ түріп, елдегі асқынған әлеуметтік ахуалды ретке келтіреді дегенге илану қиын.

Билік тізгінін ұстаған әкім-қаралар, министрлер және өзге де «барып кел шауып келдің» санатындағы шенді-шекпенділер түгелдей осы партияның мүшесі екенін ескерсек, олардың жұмысындағы олқылықтар мен шикіліктерге бірінші кезекте «Нұр Отан» жауапты.


Олардың біліксіздігі мен қабілетсіздігі елдегі ереуіл пен әлеуметтік дүмпулерге түрткі болды, партия қатарындағы атқамінерлерден ел әлдеқашан күдер үзген, түптеп келгенде жұрттың кетеуі кетіп, жоқшылыққа ұрынуына бірінші кезекте президенттік партия «Нұр Отан» жауапты.

Ескі партиялық заңнаманың ережелерін өзгертпей, айтқанға көніп, айдауға жүретін ескі партиялық ойыншыларды аламанға қосып Қазақстанда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу – күлкілі.

Бұл күні кешегі президент сайлауын еске салатын жаттанды сценарий, бұдан былай билік жұртты мұндай арзан айламен алдай алмайды.

Күні кешегі президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың топжарарына ешкім күмәнданған жоқ. Күллі әкімшілік ресурс, биліктің табанын жалаған блогерлер мен медиа құрылымдар, саусағын сорған сәуегейлер мен сарапшылар, тіпті оның «қуыршақ» қарсыластары да саяси алаңда күрескен сыңай танытқанмен, түптеп келгенде Тоқаевтың сойылын соқты.

Дәл осы сценарийді парламент сайлауында қайталар болса, қалғандарынан қара үзіп келетін партияны сіздер мен айтпақ-ақ білесіздер. «Нұр Отанның» асығы алшысынан түседі тағы да. Ал өзгелері санда бар, санатта жоқ, сайлау өткесін құмға сіңіп жоғалады. 

Билік дүйім дүниені дүмше санауды доғаруы қажет.


Еліміздегі парламент сайлауы партиялар туралы заңды демократиялық талаптарға сай өзгерткеннен кейін ғана өтуі тиіс.

«Нұр Отан» әлдеқашан істен шыққан ескі компьютер секілді. Оның бағдарламасын жаңалап, жаңа арнаға түсіруге тырысқанмен түк өзгермейді.

Елдегі партиялық жүйені өзгерту үшін саяси сахнада жаңа ойыншылардың, жаңа буынның пайда болуына жол ашу қажет. Бұған жасалар алғашқы қадам – партиялар туралы заңнаманы өзгерту. 

Қазіргі қолданыстағы заң саясатқа араласқысы келетін азаматтардың адымын аштырмай отыр. Халқының саны азғантай-ақ мемлекетте әрбір партияның 40 мың тарта мүшесі болуы тиіс дейді, барлық өңірлер мен қалаларда партия филиалы болуы міндет дейді.

Көппартиялық саяси бәсекені бесігінде тұншықтырудың тұрпайы амалы бұл. 
Шектеулердің барлығын алып тастау қажет, партия мүшелерінің санына және оның өңірлердегі филиалына қатысты талапты да төмендету керек.

Жақында мәслихат сайлауына қатысты заңнамаға енгізілген өзгертулер де демократияны табанға таптаумен тең.

Бұдан былай мәслихат сайлауына бұрынғыдай өзін-өзі ұсынғандар емес, тек саяси партиялар ғана қатыса алады.

Демек, мәслихат сайлауы да партиялық «тізім» бойынша «іріктеліп» алынатын, өзіндік ұстанымы мен ұстыны жоқ парламент сайлауының көшірмесіне айналады деген сөз.

Демократия өз алдына, билік бұл арада мәслихат сайлауына өтіп, «өзіме тиесілі ауданның мәселесін шешемін» деген белсенділердің құқын шектеп отыр.


Билік парламент сайлауын қуыршақ партиялардың әткеншегіне айналдыруды жалғастыра берсе, бұл елде түк өзгермейді. Парламент бәз-баяғыша Президент әкімшілігі мен Үкіметтің айтқанынан шықпайтын, әміріне құлдық ұратын кемтар құрылымның кейпінде қалады. Бұл өз кезегінде елді бүгінгіден бетер тығырыққа тіреп, әлеуметтік толқудың одан әрі күшейуіне алып келеді", – дейді саясаттанушы. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости