Е. Қарин: «Ердоған бүлікшілерді жеңді, бірақ қоғамдағы бөлінушілік сақталуда»

Dalanews 16 июл. 2016 13:56 1018

Түркиядағы болып жатқан жағдайға байланысты Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин Tengrinews.kz тілшісімен сұхбаттасқан болатын. Саясаттанушының айтуынша, Анкарада әскери төңкеріске қарағанда, азаматтық соғыстың басталу қаупі басым.

"Түркиядан келіп түскен ақпараттар көп адамды таңғалдыра қоймаған болар, себебі түрік қауымында Ердоғанның саясатын қолдамайтындар аз емес. Белгілі бір деңгейде жалпы сол елдегі ахуалдың нәтижесінде болған дүние. Әскери көтеріліс іске аспағанның өзінде де бұл – халықтың және де элитадағы қауымның Ердоғанның саясатына деген наразылығының көрінісі. Көтерілістің іске аспау себебі Ердоғанға қарсы барлық әскери бөлімдердің шықпағандығы. Қастандық жасаушылар ретінде әскери бөлімнің бір ғана тобы шыққан, олар жоғары қызметтегі адамдар болмауы да мүмкін. Себебі соңғы жылдары Ердоған өз билігін нығайту мақсатында елдегі әскери элитадағы адамдардың көзін жойып отырған, себебі осындай әскери көтерілістің болуынан қорыққан", – деп пайымдайды саясаттанушы.

Түркияда әртүрлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталды және де солармен қосыла жұмыс жасаған журналистер, қоғам белсенділерін соттау, қамауға алу жұмыстары көптеп жүргізілген. Бұларға әскери көтеріліс ұйымдастырмақ болды деген айыптар тағылған. Белсенді топтар бұрыннан залалсызданған соң, түнде болған төңкерістің жеңіспен аяқталмауы да сол себепті дейді маман.

Түрік қоғамының арасында осыдан бірнеше жыл бұрын азаматтық белсенділер Ыстамбұлда Ердоған саясатына қарсы шыққан болатын. Алайда, сол кезде мемлекет мұның алдын алып, Ердоғанды жақтаушылардың басым екендігін көрсеткен.

"Соған қарамастан соңғы жылдары Ердоғанның жақтаушылары азайып бара жатқандығын көріп отырмыз. Алдыңғы жылы Ердоғанның "Әділет және даму партиясы" парламенттен бірден басымдыққа ие бола алмады, себебі ол басқа да партия лидерлерімен келісе алмады. Жағдайды пайдалана отырып, өз партиясының позицияларын әзер сақтап қалған болатын. Алайда жарты жыл өткен соң "Ақ партия" басшысы Түркия премьері ауысқан, содан кейін Ердоғанның өз арасында сенімсіздік пайда болуына себеп болған. Бұған қоса оның алдында Ердоғанның жақтастары мен бұрыңғы ел президенті Абдулла Гүлдің жақтастары арасында бөлінушіліктер жүрген. Осының өзі-ақ Ердоған жақтастарының арасында қарама-қайшылық пайда болып, ол бірте-бірте үлкейе берген", – дейді Қарин.

Оның ойынша, Түркияда түнде болған көтерілістің себебі көп: елдегі экономика жағдайы, күрдтер мәселесі және түріктердің ішкі саясаты – ел ішінде осы іспеттес қақтығыс пайда болып, қоғамның бөлінуіне әкелген.

"Сондықтан менің ойымша, бұл төңкерістен гөрі Түркия үшін ең қорқыныштысы - көпшіліктің бірімен-бірі жанжалдасуы. Осы хабарламалардың өзінен-ақ елде қандай жағдай екендігін көруге болады. Ердоғанды жақтаушылар мен оған қарсы келушілер қолына қару алып біріне-бірі оқ атса не болмақ?", - дейді маман.

"Бүгін, сөзсіз, Ердоған жеңді, себебі жағдай соның қолында. Бұл жағдайда көпшіліктің қолдауымен оған белгілі бір уақытқа дейін ел лидері болуына септігін тигіезді. Алайда бұл алдамшы жеңіс, себебі адамдар көшеге Ердоғанды жақтау үшін емес, елдегі саяси құрылымды сақтау үшін және Түркия демократиясын қорғау үшін шыққан.

Көтерілістің беті қайтарылғанның өзінде де көпшілік арасында келіспеушілік әлі де бар. Оның ойынша, бұл бөлінісуді ары қарай күшейтуі мүмкін. "Сондықтан, әрине, Түркияның алдында бұдан да қауіпті қатерлер болуы мүмкін, себебі қазірдің өзінде ДАИШ лаңкестері мен күрд содырларының шабуылы болып жатыр сол елде. Бұл да қауіпті жағдай", - деп түйіндеді ол.

Рекомендовать
Последние новости