Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаты оның қолы жарақаттанған айтты

Dalanews 11 сент. 2023 04:09 964

Талдықорғанда тергеу изоляторында отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім 9 қыркүйекте қол жарақатына байланысты ауруханаға апарып, қайта әкелінген. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады. Ол журналистің қалай жарақаттанғаны жөнінде біле алмай отырғанын айтты.

– Бүгін Думанның қолы жарақаттанғаны туралы ақпарат түсті. Оның қалай жарақаттанғанын әзірге біле алмадым. Оның қолына бірдеңе болған. Думан денесін жарақаттады деп ойламаймын. Кездейсоқ болуы да мүмкін. Дәл осы жарақаттың салдарынан Думанды бүгін ауруханаға тексеруге апарған. Оған медициналық көмек берілген. Екі сағаттан астам уақыт ауруханада болған. Кейін тергеу изоляторына қайта әкелген, – деді адвокат сенбі күні Азаттыққа.

Оның сөзінше, 8 қыркүйекте тергеу соты журналистің қамау мерзімін тағы бір айға, яғни 22 қазанға дейін созған.

Адвокаттың айтуынша, 1 қыркүйектен бері аштық ұстап жатқан журналистің денсаулығы нашар. "Ол тұра алмайды. Кездесуге шыға алмайды" деді Ғалым Нұрпейісов. Қыркүйек басынан бері журналист өзін дәрігерлерге қаратуды талап етіп, аштық жариялаған.

Бір күн бұрын қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) "журналист Талдықорғандағы көп салалы ауруханаға жеткізіліп, терапевт дәрігерге қаратылды" деп хабарлаған. Алайда адвокаттың айтуынша, оны тиісті дәрежеде тексеріп, ауруханаға жатқызбаған, сол себепті журналист аштығын жалғастырған.


Сенбі күні Азаттық тілшісі журналист отырған қамау мекемесінен жауап ала алмады.

ҚАЖК 8 қыркүйек күнгі хабарламасында журналистің денсаулығын "орташа қалыпты" деп бағалап, "дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуға қажеттілік жоқ деп тапты" деп хабарлаған. Ал журналистің жақындары мен жақтастары Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына алаңдап отыр. 7 қыркүйекте журналистің әкесі Алмаз Тілепов шамамен 230 шақырым жердегі Талдықорғандағы тергеу изоляторына барып, ұлына жолықпақ болған. Алайда ол ұлын көре алмай қайтқан. Айтуынша, ұлы әлсірегендіктен кездесу бөлмесіне бара алмаған.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Рекомендовать
Последние новости