Депутатпен сөзге келіп қалған қызу қанды вице-министр қызметінен кетіп тынды

Сағыныш Сардарова 08 февр. 2024 15:36 5235

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек қызметінен кетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ақпаратта Әбілхайыр Тамабек басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметінен босатылғаны айтылады. Ол бұл қызметіне 2 жыл бұрын келген еді.

Вице-министрдің есімі былтыр қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдары бетінде тарады. Өйткені шенеунік Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровпен жанжалдасып қалды.

Мәжілістегі отырыста дау депутаттың фермерлер қиын жағдайда екенін айтқан мәлімдемесінен кейін туындаған. Депутат фермерлердің көктемде егін егетін ештеңесі жоқ екенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде вице-министр "Азық-түлік корпорациясының" тұқым ретінде пайдалануға болатын бір тонналық астық қоры бар екеніне сендірген.

Ал әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, жұмыстан босап қалған Әбілқайыр Тамабек бұрынғы бастығын іздеп, Жамбыл облысына әкімнің орынбасары болып барады. Яғни қайтадан бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің қол астына кетеді деген ақпарат бар.


Рекомендовать
Последние новости