Депутат Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың бар мүлкін тексеруді сұрады

Сағыныш Сардарова 24 сент. 2025 17:15

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың бар мүлкін тексеруді сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлына сауал жолдады. Депутаттың сөзіне сенсек, кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылған. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынған.

"Ең бастысы оның барлық банк шоты бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды. Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе, атышулы "Алтын орда" базарына қатысы жиі сөз болады", - деді ол.

Депутат бұл нысандардың тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз екенін де айтып қалды.

"Бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр", - деді ол.

Ринат Зайыт Бас прокурорға мынадай сауалдар жолдады:

  • Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
  • Қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді ету.
  • "Алтын орда" базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.

Рекомендовать
Последние новости