Депутат отырарлықтарға Жолдауды насихаттады

Dalanews 22 окт. 2018 12:11 951

Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  биылғы қазан айында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатынның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының орны бөлек. Нақтырақ айтқанда, Жолдауда адам капиталы-білім саласы, денсаулық сақтау және бұқаралық спорт нысандарының қолжетімділігін дамыту сияқты әлеуметтік салаға басымдық беріліп отыр.

Таяуда Отырар ауданына арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов аудан тұрғындарымен кездесіп, Елбасы Жолдауында айтылған басты бағыттар жайында кеңінен сөз етті.

Кездесуге аудан тұрғындары, ұстаздар мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты:

– Жаңа бағдарламалық құжат қоғамның экономикалық, әлеуметтік салаларын қамтып, қарапайым тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Елбасы кезекті Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін айтты. Бұл құжат мұғалімдер үшін жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтын құжат болмақ. Сондай-ақ, Президент жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін тілге тиек етті. Елбасының белгілеп берген тапсырмасы арқылы қазына түсімі артып, сол бойынша жалақы көбейеді. Білім берудің сапасы артып, денсаулық саласына баса көңіл бөлінетін болады. Сондай-ақ, баспананың қолжетімділігі, ең төменгі жалақының 1,5 есеге артуы секілді бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Мұның бәрі халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатының артуына толық негіз болады, – деп Жолдаудың негізі бағыттарына тоқталды.

Жиын барысында жарыссөзге шыққан аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының орынбасары Серік Ақылбек халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған биылғы Жолдаудың маңыздылығы мен нақтылығы жайында сөз етсе, ұстаз Фарида Спатаева Елбасының ұстаздарға жасаған қамқорлығының арқасында еліміздегі білім саласының сапасы халықаралық деңгейге өсетініне сенімі мол екендігін айтты.

Халық қалаулысы жиынға қатысушылардың көптеген сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған стратегиялық құжаттағы міндеттерді жүзеге асыру үшін отырарлықтар бар күш-жігерін аямайтынын атап өтіп, Жолдауды насихаттау үшін ауданымызға арнайы ат басын бұрған Мәжіліс депутатына отырарлықтар атынан шынайы алғысын жеткізді.

 

Рекомендовать
Последние новости