Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин архив құжаттарының құпиялығы мен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің мәліметтерін цифрландыру ісінің кешеуілдеп жатқанын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңбыршиннің айтуынша, бір жылдан астам уақыт өтсе де, ардагерлерге қатысты толыққанды цифрлық база жасалған жоқ. Ол мұрағаттардағы деректердің, Ресей мен өзге де ТМД елдеріндегі құжаттардың және Германия секілді елдерде концлагерьлерде болған қазақстандықтар туралы мәліметтердің әлі жүйеленбегенін айтты.
"Мыңдаған ардагердің ерлігі әлі де толық зерттелмеген. Ұрпақтары деректерді өз бетімен іздеп жүр. Бұл ақпаратты ашық дерекқорға айналдыру – біздің ортақ міндетіміз. Ол үшін арнайы онлайн платформа қажет", – деді ол.
Сонымен қатар, депутат Кеңес дәуіріндегі қанды саясатқа қарсы жасалған көтерілістерге қатысты материалдар құпия күйінде сақталып отырғанына тоқталды.
"Адай көтерілісі, Қызылордадағы Асан көтерілісі және басқа да аймақтық қозғалыстар туралы деректер ғылыми айналымға енгізілмей отыр. ІІМ мен ҰҚК бір-біріне сілтеп, мәселені шешпей келеді. Мұны заң арқылы реттеу қажет", – деді Жаңбыршин.
Министрліктің жауабы
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов «2025-архив» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресей мен басқа да елдердің мұрағаттарынан құжаттар алынып, соның негізінде ғылыми монография мен фотоальбомдар дайындалған.
"Ал екінші сауал бойынша құжаттар құпия мәртебесінде болса, қосымша пысықтап, жазбаша жауап беремін", – деді вице-министр.
Мәжіліс төрағасының пікірі
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов архивтердің әлі құпия күйде тұрғанына таңданысын білдірді.
"Құпия дейтіндей, 80 жыл өтті. 100 жылға таяп қалды. Бұл мәселе бойынша қосымша түсініктеме беру қажет", – деді ол.
Депутат Жаңбыршин заң жобасына бірнеше ұсыныс енгізді. Атап айтқанда:
-
тарихи архивтердің құпиясын ашу;
-
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ашық онлайн база құру;
-
аймақтық көтерілістер бойынша экспедициялар ұйымдастырып, деректерді ғылыми айналымға енгізу.
"Егер біз мұны жүзеге асырмасақ, тарих бұрмаланып, халқымыздың мәдениетіне күмән келтіреді. Ал архивтерді ашу арқылы әділеттілікті қалпына келтіруге болады", – деді депутат.