Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс бойынша үкім өзгерді

Сағыныш Сардарова 14 мая 2024 14:33 3235

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты іс бойынша үкім өзгерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрасыл Болатқа қатысты қылмыстық іс Жоғарғы сотта қаралды. 2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизоны Әскери сотының үкімімен Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты О.Чернов пен А.Чернованың денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 1), 5) тармақтары бойынша сотталған болатын.

Сот үкімімен 500 АЕК (1 725 000 теңге) көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ, жәбірленушілердің пайдасына 500 мың теңге моральдық шығын және өкілдің қызметіне өтемақы төлеуге кеткен 1 600 000 теңге өндірілді.

Апелляциялық саты сот үкімін өзгертіп, Нұрасын Болаттан жәбірленушілердің пайдасына апелляциялық сатыдағы сотқа қатысу үшін өкілдің қызметіне 400 000 теңге көлемінде шығын өндірілді.

Кассациялық сот отырысы жәбірленушілердің өтінішхаты бойынша өтті, олар сот актілерін өзгертіп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

"Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сот актілерін өзгертіп, Н.Болатқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, сондай-ақ, әрқайсысына 1 миллион теңгеге дейін моральдық залалдың өтемақы мөлшері өсті", - деп жазылған мәліметте.

Бұған дейін заңгер Анна Чернова әлеуметтік желіде депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты үкім қайта қаралатынын мәлімдеді. Ол Мәжіліс депутаты әрі танымал қазақ балуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлынан соққы жеген болатын.

"Жоғарғы сотта Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты біздің іс бойынша әскери сот үкімі қайта қаралады. Әскери соттың үкімімен ол бұзақылық ниетпен екі адамның денсаулығына қасақана орташа зиян келтіргені үшін 107-баптың 2-бөлігі 1),5) тармағы бойынша 500 АЕК көлемінде жаза алды. Үкім өте жеңіл түрде тағайындалды. Әскери бөлімді тастап кеткені, берілген антты бұзғаны, қылмыс жасалған сәтте ішімдікке мас болғаны үшін қайталап жазалау түріндегі жазаны ауырлататын мән-жайлар есепке алынбаған.

...Біздің оқиғамызда әділдік орнайтынына үміттенемін! Бәрі әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне қарамастан заң мен сот алдында тең!" - деді ол.

Айта кетейік, Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққан болатын. Бұл оқиға былтыр 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болды. Іс халық тарапынан қоғамдық дау тудырды. Бұл оқиға туралы адвокат Олег Черновтың әйелі Анна Димитриевич Facebook парақшасында жазды. 

Алматы Полиция департаменті сол кезде бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты депутат Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.


Рекомендовать
Последние новости