Данияр Әлпиевке алданған салымшылар Президентке үндеу жасады

Көркем Алдабергенова 05 июл. 2024 17:00 4299

«Алтын Орда» базарында салынып жатқан 3 павильон салымшылары Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. «Алтын Орда» базарының бұрынғы басшысы Данияр Әлпиевке алдандық» деген саудагерлер «Әлпиевтің әйелі мен адвокаты әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық манипуляция жасап, тергеуге әсер ету үшін түрлі айла-шарғы жасауда» деп алаңдаулы, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлпиевтің әйелі Алма Әлпиева бұған дейін «әлеуметтік желіде «Алтын Орда» базарында жұмыс істемейтін және жалған салымшылар сұхбат беруде» деген болатын. Алайда бүгін құрылыс басына жиналған үлескерлер Алмагүл Әлпиеваның сөзін жоққа шығарды.

«Біз «Алтын Ордадағы» құрылысқа салымшымыз. Салымшы ретінде Тоқаевқа үндеу жасаймыз. Біріншіден, Данияр Әлпиевтің әйелі бізге жала жабуды тоқтатсын. Біз жалған адам емеспіз, бәріміз салымшымыз. Екіншіден, бүкіл құжатты жинап алып кеткен Маржан Есжанова табылсын. Үшіншіден, Данияр Әлпиев 300-ден астам салымшыдан жинаған ақшаны қайтарсын», - дейді Президенттен араша сұраған салымшылар.

Президенттен араша сұраған салымшылар

Әлпиевтің әйелі «жалған салымшы» деп атаған жанның бірі – Гүлайым Мақашева. Ол павильон құрылысына 4 миллион теңге салған. Оның сөзінше, «жалған салымшы» деп айыптаған Әлпиевтің әйелі жала жауып отыр.

«Мен «Алтын Орда» базарында 2004 жылдан бері жұмыс жасаймын. Құрылысқа 2024 жылдың қазан айынан бастап қаражат құйыла бастады. Әлпиевтің әйелі мені «жалған салымшы» деп бүкіл әлеуметтік желілерде айтып жатыр. Кезінде сұхбат бергенде тегімді Гүлайым Сизябай деп қазақша айтқанмын. Негізінде тегім Гүлайым Мақашева. Ал олар «сіз салымшы емессіз» деп жала жауып жатыр. Әлипев кезіндегі қолыма берілген чекте Гүлайым Мақашева деп жазылған. Және олар қазір мені белсенділік танытқаным үшін сотқа беріп жатыр. Олар тек бізге чек беріп келді, келісім-шарт жасалмады. Біз бес-алты ай бойы келісім-шарт сұрағанда бермей келді. Ақырында басшылық ауысты. Содан кейін Даниярды екі ай күттік. Келмеді. Сосын осы 300 салымшының салған қаражатын мойындату үшін құзырлы орындарға арыз жаздық», - дейді Гүлайым Мақашева.

Гүлайым Мақашева

Салымшылардың айтуынша, Данияр Әлпиев базар басшылығында тұрған кезде әрқайсы түрлі көлемде жаңа павильонның құрысылына ақша салған. Жалпы саны 300 салымшы 1 миллиард 600 теңге көлемінде қаражат құйған.

Тағы бір салымшы Жадыра Қайшаеваның Әлпиевтің кесірінен әлі күнге дейін даладағы сауда нүктесінде жүргенін айтады. Ал «шындықты айтқанымыз үшін кінәліміз» деген салымшылардың бәрі Алмагүл Әлпиеваның жапқан жаласын түсінбей әлек.

«Қыздардың үстінен жала жауып жатыр. Олар «2024 жылдың аяғында құрылысты бітіреміз деп айтқанбыз» дейді. Негізінде 10 айда бітіріп береміз деген. Әлпиев солай айтқан. Ал қазір Әлпиевтің әйелі басқалай сайрап жатыр. Бірақ айтылған уақытта құрылыс бітпеді. Екі жылға созылып кетті. Олар құрлыстың төрттен бірін ғана жасады. Құдайға шүкір, қазір жаңа басшылық келіп, құрылыс жақсы жүріп жатыр», - дейді Жадыра Қайшаева.

Жадыра Қайшаева

Естеріңізге салайық, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенін жалға алған Данияр Әлпиевтің басшылығындағы «Altyn Orda New Company» ЖШС үшінші павильонды салу үшін 300-ден астам үлескерден заңсыз қаражат жинаған. Базардың басқарушы компаниясы «Компания номер один» ЖШС директоры Александр Недогарко өз сөзінде үлескерлерге сауда кешенінің құрылыс жұмыстарымен айналысатын жаңа «Прайм Строй XXI» ЖШС құрылыс компаниясымен таныстырып, кәсіпкерлердің сауда орындарынсыз қалмауын қамтамасыз етуді аталған құрылыс компаниясымен бірге жауапкершілікке алатындарын атап өткен болатын. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал бұрынғы басшы Данияр Әлпиев қазір тергеу абақтысына қамалған.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Данияр Әлпиевтің адвокаты төбе көрсеткен еді. Алайда ол салымшылардың сандаған сұрақтарына мардымды жауап бере алмады. Ал базардың басқарушы компаниясы «Big City Market» ЖШС заңгері Ізбасар Өтеулин болса, Әлпиевтің адвокатының сөзінде қарама-қайшылық көп екенін айтады.

«Қазіргі уақытта Данияр Әлпиевтен жапа шеккен 300-ден астам үлескердің шағымы Алматы облысының ПД тіркеліп тұр. Бүгін сөйлеген Данияр Әлпиевтің адвокатының көп сөзін жалған деп танимыз, себебі Әлпиев базарды жалға алушы директор болса да, оған салымшылардан алдын-ала ақша жинау құқығы берілмеген.

Әлпиевтің компаниясы ақшаны аудардық дейді, бірақ артынан анықталғандай, ол аударылған ақша зардап шеккен үлескерлерге емес, сол тұста үшінші павильонның құрылысымен айналысқан өзінің досына аударған. Яғни түптеп келгенде өз-өзіне аударған болып тұр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын базардың жаңа басқарушы компаниясы жалғастыруда», - деді Ізбасар Өтеулин.


Рекомендовать
Последние новости