Даниал Ахметов Лондонда Шығысқа инвестиция тартып жүр

Dalanews 07 мар. 2018 06:31 892

Еуропалық қайта құру және даму банкімен серіктестік аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 5-7 наурыз аралығында жұмыс сапарымен Ұлыбританияның астанасы Лондонда кездесулер өткізуде.

Іс-сапардің алғашқы күні ШҚО басшысы «Southwark Integrated Waste Management Facility» қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын аралап, «Transport for London» қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыру жүйесінің қызметімен танысты.

Ал 6-наурызда облыс әкімі ЕҚҚДБ бірінші вице-президенті Алон Пилокспен өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі екіжақты серіктестік жоспарын талқылады.

Іс-сапар облыс әкімі және ЕҚҚДБ Президенті Сума Чакрабарти арасында 5,6 миллиард теңгеге «Шығыс Қазақстан облысы қалалары мен аудан орталықтарының көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қою рәсімімен жалғасты.

Жаңа жоба Шығыс Қазақстанның 630 мыңнан астам тұрғыны бар 6 қаласы мен 11 аудан орталығын қамтиды. Көшені жарықтандыру жүйесін жаңарту 32 мың шамды энергия үнемдеуші түрлеріне ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба Шығыс Қазақстанда көшені жарықтандыру жүйесінде энергия үнемдеу технологиясын енгізудің 2-фазасы. Жалпы, ЕҚҚДБ қолдауымен 4,8 млрд теңгеге Өскемен мен Семейде ақылды жарықтандыру жүйесі енгізілуде. Оның аясында 25 мың шамды энергия үнемдеуші түріне ауыстыру жоспарланған. Мамыр айында құрылыс-монтаж жұмысы басталады.



Атап өту керек, келіссөздер барысында облыс әкімі мен ЕҚҚДБ Президенті Өскеменде құны 29,5 миллиард теңгені құрайтын қалдықтарды заманауи жолмен жою және қайта өңдеу жобасының техникалық құжаттамасын жасау және қаржыландыру мүмкіндігі қарастыру үшін бірге жұмыс істеуге келісті. Сонымен қатар, Даниал Ахметовтің ұсынысымен ЕҚҚДБ құны 33,3 миллиард теңге тұратын Зайсан, Үржар, Тарбағатай аудандарының 50 елді мекенін газдандыру жобасын зерттеуге кіріседі.

2015 жылдан бастап, соңғысын бірге есептегенде, облыс әкімдігі мен ЕҚҚДБ 46,1 миллиард теңгенің 10 несиелік келісімшарт пен келісімге мөр басылды.

Бұл келісімдер мен газдандыру және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру турасында құжаттарға қол қойылуы жыл соңына дейін ШҚО тартылатын инвестиция көлемін 108,9 миллиард теңгеге жеткізеді.

Кездесуді қорытындылаған сэр Сума Чакрабарти Қазақстанның аймақтары ішінде ШҚО ЕҚҚДБмен бірлескен жобалардың саны мен сомасы бойынша көш бастап отырғанын жеткізді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда зор үлес қосқан облыс әкімі Даниал Ахметовке «Алғыс хат» табыс етті. Сондай-ақ, ЕҚҚДБ Президенті аймақ басшысын биыл қарашада Пекинде өтетін Орталық Азия форумына қонағы ретінде қатысып, бірлескен жобалардың барысы туралы баяндама жасауға шақырды.

Естеріңе сала кетсек, үстіміздегі жылдың мамыр айында өтетін Астана экономикалық форумы аясында ЕҚҚДБ мен Шығыс Қазақстан облысы арасында инфраструктуралық жобалар бойынша кезекті несиелік келісімшарттарға қол қою жоспарлануда.



 

ШҚО әкімі баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости