Далақайнар ауылында атқарылған іс аз емес

Dalanews 22 мая 2019 10:25 882

Өткен аптада Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев аудан орталығынан шалғай орналасқан Далақайнар ауылына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар облыс әкімі бекіткен  жұмыс алгоритміне сәйкес жүзеге асқандығын атап өту қажет. Аудан басшысының аталмыш ауылға сапары ауылдың әлеуметтік нысандарын аралаумен басталды.  

Қайрат Әскербекұлы ең әуелі 50 орындық «Кәусар» балалар бақшасының тыныс-тіршілігіне танысып, балалардың мезгілдік тамақпен қамтылуы, оларға жасалатын жайлылық, көрсетілетін қызмет сапасын көзбен көріп, кейбір кемшіліктерге сын-ескертпелер айтты. Келесі бағыт ауылдық дәрігерлік амбулатория болды. Мұнда үш учаскелік дәрігер және бір аға дәрігер күніне 15 адамға медициналық қызмет көрсетеді. Аудан басшысы медицина мамандарына адам денсаулығы ең басты байлық екендігін еске салып, өз істеріне білікті болуларын талап етті.

Далақайнарда Болат Таутанов есімді азамат  жеке кәсіппен айналысып, өз ісін дөңгелетіп отыр. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 млн теңге несие алып, анасы екеуі наубайхана ашқан. Күніне 50 нан пісіріп, біреуін 100 теңгеден өткізуде. Жеке кәсібін ұлғайту мақсатында өткен жылы жаңа нысанның құрылысын бастап кеткен. Құрылыс аяқталғаннан кейін көршілес ауылдық округтерге де нан өткізіп, ауылдықтарды жұмыспен қамтымақшы. Кәсіпкер ісінің алға жылжи беруіне әркез қолдау білдіретінін жеткізген аудан әкімі жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Т.Әшімбаев атындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен бейресми форматта кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары да келіп, өз салалары бойынша ауылда орындалмай тұрған межелерді атап өтіп, қазіргі таңда елімізде орын алып жатқан жаңашылдықтарды түсіндірді. Мәселен, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айнұр Рахымбаева өткен жылы жүзеге асқан «Жас прожект» жобасына ауыл жастарының белсенділігі төмен болып, тек бір жас қана қатысып, қазіргі таңда өз кәсібімен айналысып жатқандығын айтты. Ал «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасына аталмыш ауылдан үш жас теріскей өңірге оқуға аттанған. Қайрат Әскербекұлы бұл көрсеткішті де төмен санап, жоғарғы оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігін әр ауыл баласы пайдаланып қалу керектігін атап өтті.

Жалпы ауданда жастардың спортпен шұғылдануы үшін 16 ауылдық округте спорт алаңдары салынғалы жатыр. Жоспарда Далақайнар ауылы да бар. Бірақ алаң салуға жер дайындау, кәсіпкерлерді тарту сынды жұмыстар ауылдық әкімшілік тарапынан әлі күнге жүргізілмеген. Бұл мәселені де сынға алған аудан басшысы ауыл әкімі Жайсанбек Бекбосыновқа мәселені тезірек шешуін талап етті.

Рекомендовать
Последние новости