Бишімбаевты құрықтауға барған полицей дауға қалды

Сағыныш Сардарова 11 апр. 2024 14:25 78934

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевты ұстау кезіндегі полицейлердің әрекетіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында полицейдің жетонынан видео көрсетілген болатын. Журналистер кулуарда жауапты өкілден полицияның әрекеті қаншалық заңды болғанын, "неліктен Бишімбаевтың қолынан кісенді шешіп, темекі шегуіне рұқсат бергенін" сұрады. Сонымен қатар, құзырлы орган қызметкерлері Бишімбаевтан марқұм Нүкеноваға қатысты "өзі қанды ішті ме?" деп сұраған.

Журналистерге берген жауабында Игорь Лепеха бұл дерек тексерілетінін жеткізді.

"Жетондағы видеоны көрген жоқпын, зерттеп көрейік. Олар темекі шегуге рұқсат бермеуі керек еді, бірақ қолындағы кісенін шеше алады. Арнайы ережелері бар. Яғни ол көлікке дейін кісенмен баруы керек, ал көлікке отырған кезде кісенді шешіп тастай аламыз. Бұл - қалыпты жағдай, себебі ертең бізді азаптады деп кінәламауы қажет. Бұл жерде оғаш ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ал темекі шегуге келер болсақ, қарап, зерттеу керек. Біздің барлық әрекетімізге баға беретін тиісті бөлімшелер бар", - деді Игорь Лепеха.

Сонымен қатар, ведомство өкілі баға беретін бөлім басшысына жеткізетінін мәлімдеді.

"Олардың тиісті басшысы бар, оларға осы әңгімені жеткіземін. Олар зерттейді", - деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейінгі процесс барысында оқиға болған күні шақыртуға келген полицейдің жетонынан видео көрсетілді.

Кадрларда полицейлер Бишімбаевтан жауап алып жатқан сәт те көрінеді.

Видеода "таңға дейін ұрыстық" деген дауыстар естіледі.

Жәбірленуші тарап өкілі Айтбек Амангелді видеоға қатысты пікір білдіріп, кадрларда Бишімбаев өзін қалыпты ұстағанын айтады.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.


Рекомендовать
Последние новости