Бишімбаевқа қатысты бірінші істе аталған шыны зауытының қазіргі жағдайы айтылды

Сағыныш Сардарова 28 июн. 2024 10:42 4864

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты бірінші қылмыстық істе аталған Қызылордадағы шыны зауытының қазіргі жағдайы айтылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Қызылорда облысына сапары аясында оған зауыттың табысы туралы есеп берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев премьер-министрге өңірдегі өнеркәсіптің дамуы туралы баяндады. 2024 жылғы 5 айда экономиканың осы секторы 6,3 пайыз өсім көрсеткен. 2024-2028 жылдар аралығында 8,4 мың жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге 76 жобаны іске асыру көзделген.

"Биылдың өзінде 32,4 млрд теңге сомасына 15 жоба іске қосылмақ. Шыны зауытының іске қосылуы дамуға айрықша серпін берді, онда қазіргі таңда шыны кластерін құру жұмыстары басталды. Кәсіпорын жұмыс істеген уақыт ішінде 27,3 млрд теңге сомасына 20,8 млн м2 шыны өндірілді. Бүгінде кәсіпорын $15 млн көлеміндегі өз қаражатына қуаты жылына 5 млн м2 болатын энергия үнемдейтін шыны шығаратын жаңа желіні іске қосты", - деп жазылған мәліметте.

Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевқа осы шыны зауытын салу кезінде 1,2 млрд теңгені заңсыз ұрлау схемасын ұйымдастыруға тырысты деген айып тағылды. Бұл туралы Бишімбаев ісі бойынша негізгі сот талқылауы кезінде прокурорлар ұсынған айыптау актісінде айтылды.


Рекомендовать
Последние новости