Билікті Тоқаевқа тапсырған Назарбаевтан үлгі аласыз ба? - Бекқожин Лукашенкоға сауал қойды

Dalanews 16 нояб. 2020 07:34 928

Атышулы Александр Лукашенко Ресей, Қазақстан, Украина және өз еліндегі биліктің сойылын соғатын БАҚ өкілдерінің басын қосып, сауалына жауап берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Қазақстан атынан жиынға "Хабар" телеарнасының төрағасы Ержан Бекқожин қатысты.

"Қалаған сұрақтарыңызды қойыңыздар, жауап беруге әзірмін. Мен үшін жабық тақырып жоқ", – деген Лукашенко журналистермен тапжылмай 4 сағат тілдесті.

Төрт сағатқа созылған пікіралмасудың тоқ етері: "Билікті бермеймін. Транзиттен үміт үзсін. Мұрагер дегенді ұмытсын", – дегенге тірелді.

Артынша әлгі сөзінен айнып: "Халық кімді таңдайды – сол басшы болады. Айналайындар, мен ант-су іштім. Беларусь халқының талғамы мен таңдауына қарсы келмеймін деген уәдем бар...", – деді ол.

"Хабар" төрағасы Ерлан Бекқожиннің сауалы да билік транзиті төңірегінде өрбіді. Бекқожин билікті Тоқаевқа тапсырған Назарбаевтың саясатын сөз етіп, Лукашенкоға бұдан неге үлгі алмасқа дегенге меңзеді.

"Билік транзиті туралы ойыңыз қандай? Қазақстанның тәжірибесі қызықтырмай ма? Бәлкім бір білгеніңіз бар шығар? Айталық, аяқастынан биліктен бас тартуыңыз мүмкін бе?", – деді Бекқожин.


Лукашенко бұған лезде жауап қатып, биліктен бас тартпайтынын үзілді-кесілді мәлімдеді.

"Кенеттен кете салмаймын. Керек кезде кетемін. Аяқтастынан кетіп қалардай не көрінді? Бүйтіп кете қалудың өзі қауіпті.  Жаңа Конститутция қабылданғаннан кейін елге үн қатамын. Ақылдасамыз. Әрі қарайғы бағдарымызды анықтаймыз. Менің жағама жармасып, қыспаққа аламыз деп ойламасын. Тайып тұрады деп үміттенбесін. Елді тастап бетім ауған жаққа жөңкіле жөнелмеймін. Қашып кетпеймін...", – деді Лукашенко.

Думан Бықай




Рекомендовать
Последние новости