Биліктегі әйелдердің үлесі артса, ер-азаматтар елей бермейтін мәселеге көңіл бөлінеді - сарапшы

Dalanews 18 мар. 2022 12:47 885

 Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыру үшін президент Тоқаев басқарушы лауазымдағы нәзік жанды қауымның үлесін 30 пайызға дейін көтеруді міндеттеген.  

Гендерлік экономиканы зерттеу орталығының директоры Майгүл Нұғыманованың атап өткеніндей, президент тапсырмасын іске асыру ынта-ықаластан бөлек, үлкен қажыр-қайратты қажет етеді.

Себебі, әйелдердің билік мінберіндегі үлесін арттыру сөз жүзінде оңай көрінгенмен, іс жүзінде бұған тежеу болатын бюрократиялық кедергілер көп.

«Үкіметтегі 19 министрдің арасында тек екеуі ғана әйел. Елімізде тұтастай алғанда қыз-келіншектердің табысы ер-азаматтарға қарағанда көп төмен. Әйелдердің табысына карантин де кері әсер етті. Жұмыс пен үйдің шаруасын қатар алып жүрген әйелдердің кәсібі толық тоқтап қалды. Кәсіп тоқтағаннан кейін кіріс те азаятыны айдан анық», – дейді сарапшы.

Оның атап өткеніндей әйелдердің қарым-қабілеті ер-азаматтардан кем түспейді. Әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында адал жұмыс істеп, табыс таба алатын әлеуетке ие. Алайда толық мүмкіндігін көрсетуге келгенде кедергі көп.

«Жоғары жалақы төленетін лауазымды орындарда әйелдердің санын саусақпен санап аласыз. Ақы төленбейтін үй шаруасындағы «әйелдер армиясы» өз мүмкіндігін паш ете алмай отыр.

Қазақстандық әйелдер бала күтімі мен үй шаруасына ерлерге қарағанда 2,6 есе көп уақыт жұмсайды. Егер күйеуі бұл міндетке молырақ көңіл бөлсе, әйелдердің табыс тауып, жұмыс істеуіне жол ашылар еді», – дейді Майгүл Нұғыманова.

Тоқаев тапсырмасына сай еліміздегі мемлекеттік әрі корпоративтік саладағы әйелдер қауымының үлесі 2023 жылға  25 пайызды құрауы тиіс. Ал 2030-шы жылға дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.


Сарапшының пікірінше биліктегі әйелдердің үлесі артқан жағдайда ер-азаматтар елей бермейтін мәселелерге көңіл бөлінеді.

«Айталық, ақы төленбейтін үй жұмысы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, көшедегі қысым көрсету немесе қалаларда қол арбаға, мүгедектерге арналған пандустардың болмауы сияқты проблемалар Мәжіліс мінберінде немесе Үкімет отырысында сөз етеліп, кемшіліктер дер кезінде түзелер еді», – дейді Нұғыманова.

Сарапшының пікірінше саяси шешімге ықпал ететін әйелдердің үлесі жылма-жыл артып отыр. Айталық, Мәжілістегі әйелдердің үлесі 27 пайызды құрайды, бұл жаһандық көрсеткіштен жоғары (24 пайыз).

«Жалақы мәселесінде жер мен көктей айырмашылық гендерлік әділетсіздіктен арылмай отырғанымызды көрсетеді. Қазақстандық әйелдердің табысы ерлерге қарағанда 33 пайызға төмен.

Әйелдерге инженерлік сала, ғылыми бағытта тер төгуге жол ашу қажет. Жеке бизнесін ашуға ынталандырған жөн. Үй шаруасындағы әйел өз потенциалын өмір бақи көрсете алмай кетуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттің экономикалық әлеуетіне кері әсер етеді.

Бұл тұрғыда Батыстық құндылықтарды қабылдап үйренгеніміз жөн. Ер-азаматтар үй шаруасын шетке ысыра салмай, келіншегіне қол ұшын созса, әйелдер шығармашылық шабыты ашылады», – дейді Нұғыманова.

Рекомендовать
Последние новости