Билікке тек рейтинг керек пе?

Dalanews 02 февр. 2016 22:13 1045

Қазақстанның ақпараттық саясатының сын көтермейтін күйде екені бұрыннан айтылып келеді. Сала мамандары, сарапшылар әртүрлі дәлел-дәйек келтіріп, мәселені оң бағытқа бұрудың түрлі жолдарын да ұсынды. Былтыр жарнама туралы заң жобасы мақұлданып, шетелдік кабелдік арналар Қазақстанның ақпараттық нарығындағы жарнамаға ортақтаспайтын болғандай еді. Бұл да бір дәтке қуат көрінген. Бірақ, мұнымен ақпарат саласының қордаланған мәселелерінің түйіні тарқатылып кетті деуге келмейді. Ақпарат мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатында үлкен құралға айналып, әп сәтте кез келген саясаткерді, саясатты шыр айналдырып, ақпараттық ресурстарға иелік ететін топтың ыңғайына, қалауына қарай өзгеретін және соған миллиондарды лезде сендіретін алып күшке ие болған қазіргі заманда әр мемлекет өзінің ақпараттық қауіпсіздігіне ұлттық қауіпсіздік деңгейінде мән беріп отыр.

Өкінішке қарай, Қазақстанның жағдайында ақпараттық қауіпсіздік - ел ішіндегі еркін ойлы баспасөзді әкімшілік жолмен ретін тауып тұншықтыру; қазақ баспасөзіне екінші сортты деген таңба басып, онымен санаспау; жазғанына мән бермеу, шетке қағу, қаржылық мүмкіндігін тарылтып, жаңа кеңістікке өтуіне, дамуына барынша кедергі жасау; баспасөз атаулыны бір орталыққа бағындыру арқылы баспасөз еркіндігін шектеу әрі билікке тәуелді ету болып табылады. Міне, биліктің ақпарат саясатына жауапты «кісілердің» "ақпараттық саясат" деп түсінетіні және жасап отырған жұмыстарының сиқы.

Сонда Қазақстанның ақпараттық саясаты кімдер үшін қолайлы болып тұр? Ресей, Украина, Белорусь елдерінен шыққан медиа-транзитті тұлғалар үшін. Неге дерсіз? Біздің ше мұның бірнеше себебі бар.

 Биліктің ақпараттық түсінігі: қазақ тілі – қор, орыс тілі – зор

Қазақстан билігі ширек ғасыр бойы мемлекеттік тіл мәселесін шеше алмай келеді. Тіл жағдайы сөз болса, билік ұрсып жауап қатады. Мысалы былай: «Сендерге не жетпейді, өздерің сөйлеп алыңдар, қазақ тілі деп жылағанды қашан қоясыңдар?!.» т.б. Осылайша қазаққа дүрсе қоя беретін билік саяси ерік-жігерге иек артып, нақты іске ешқашан барған емес. Тап осы тіл мәселесіндегі биліктің ұстанымы мен көзқарасы ақпараттық қауіпсіздік мәселесін тұралатып, оны ойдан-қырдан қашқан көлденең көк аттының пайдасына шешілуіне жол ашып берді. Міне, қараңыз: (http://radiotochka.kz/8997-kto-vladeet-populyarnymi-kazahstanskimi-internet-portalami.html)

Мұндай рейтинг түзуде де үлкен мақсат жатыр. Ол – әлемді орыс тілі арқылы ғана танып-біліп отырған биліктегі шенділерге қазақ баспасөзінің жаназасы әлдеқашан шығарылғанын, осы тізімдегі «мықтылармен» ғана санасып, кеңесіп, бюджеттің ақпарат саласына қарастырылған ақшасын осыларға теңдей бөліп беріп, ақпараттық саясат түзесің деген доң айбат. Шуылдамасын деп арасында итке тастаған сүйектей ғып қазақ баспасөзіне де бірер қара бақыр лақтырып қоятыны бар. Қарап отырсаңыз, бұл тізімдегі ақпараттық ресурстар орыс тілінде контент жасаған. Қазақ тілі тек әлсіз, солғын әрі үнемі түстен кейін маңырайтын аударма күйіне түскен. Бұл – мемлекеттік тілді, тұтас қазақ баспасөзін жоққа шығарып, ақпараттық кеңістікке кімнің ие болып отырғанын үнсіз түсіндіру. Жұмыс жүргізу тәсілдері де ақпараттық көрінгенімен, қоғамның ойын ластау, қоғамның назарын түкке тұрғысыз айғай-шуға аударып, жоқ нәрсені жалаулату. Ал, мемлекеттік мүдде,  ұлттық құрылыс, қазақ мәселесіне келгенде, ләм деп ауыз ашпайды. Себебі, ондай мәселелер оларға жат. Өйткені, қазақ тілінің оларға қажеттілігі жоқ. Орыс тілі жұмысын жүргізіп, мемлекет пен ақпараттық нарықтағы бар қаржыны қолына әкеп беріп отыр. Мұндай мүмкіндікті биліктің өзі жылдар бойы ерінбей-жалықпай жасап берді. Осыдан кейін олардың мемлекеттік мүддемен жатырлас қазақ мәселесіне түкіргені бар. Және ақпараттық саясатқа жауапты Мәскеуден оқыған «кісілердің де». Бұ «кісілердің» олай ететіні, басқаны былай қойғанда, Президенттің мақалалары мен сұхбаттарын ресейлік газеттерде жариялатып, Қазақстанда Президенттің жазғанын, айтқанын басуға жарайтын қазақ баспасөзі жоқ екенін орыстілді әлемге жария етті. Содан соң, Қазақстандағы баспасөз нарығына ресейліктер ағыла бастады. Олар елдегі орыс тілді журналисттік орта мен сол ортаның «мықтыларымен» тез тіл табысып, көздеген мақсаттары бір екенін білген соң, жоғарыдағы «кісілердің» қолдауымен Қазақстанның ақпараттық нарығына кірді де кетті. Міне, қазір қазақ баспасөзі жабылып, қаражаттан қысылып, журналисттері қысқарып жатқанда олар миллиондап табыс тауып отыр. Бәрі ақпараттық саясатты түзіп отырған шенді «кісілердің» еңбегі.

 Бәсеке және баспасөз

 Қазақ баспасөзі туралы сөз бола қалса, "жылауық", "Үкіметтен ақша сұрағаннан басқа тірлік жасамайды", "дамуға ықылассыз", "рейтингі төмен", "журналистикасы әлсіз", "бәсекеге қабілетсіз", "сауатсыз", "қазіргі заманғы журналистиканың заңдылықтары мен ережелерінен хабарсыз", - дегенді естиміз. Тіпті, орыс тілді баспасөздің «мықтылары» ұйымдастыратын форумдарда да осы тектес сөздерді айтқан әріптестеріміз болған. Бұл да қазақ баспасөзін ақпараттық кеңістіктен шығарудың айла-тәсілдері. Егер, қазақ баспасөзі бәсекеге қабілетсіз болса, осы күнге дейін өмір сүруін тоқтатар еді. Қазақ баспасөзі қашан да мемлекет пен қазақ қоғамының сөзін сөйлеп, әлеуметтік, қоғамдық-саяси өмірдегі мәселелерді жазып, айтып келеді. Қазақ тілін білмейтін адам мұны ешқашан біле алмай өтеді демесек...
Билік "рейтингісі жоғарымен жұмыс істеймін, соның сөзін сөйлеймін, өйткені, ол жұмыс істеп отыр, санға сенем бе, саған сенен бе" деп көз қылып айтады да, орыс тілді баспасөздің қойнына зып беріп кіріп кетеді. Себебі, орыс баспасөзі оның көзін ашып көргені, ауыз ашып өпкені. Әлемді сол баспасөздің айнасы арқылы ғана таниды. Ол не айтса да жөн. Орыс баспасөзі қазақ шенеунігіне әке-шешең сенікі емес десе де сеніп, ата-анасынан бас тартуға бар. Ал, мұның қасында мемлекеттік мүдде, ақпараттық саясат деген не тәйірі...

Ал, осы  "қазақ баспасөзі бәсекеге қабілетсіз" деген әңгімені шығарудың  ар жағындағы мақсат ақыры орындалғандай. Билік рейтинг жағынан жоғары ақпараттық ресурстармен ғана жұмыс істейтінді шығарды. Бұл жоғарыдағы айтқандарымыздың «жемісі». Қазақ баспасөзі өлмес үшін рейтинг қуалауда. Ол үшін баспасөз не істемей жатыр дейсіз?.. Осы күні рейтинг қуалау - қоғам санасын улайтын дертке айналды. Ал, Ресей, Украина, Белорусь және Қазақстандағы орыс тілді баспасөз «мықтыларының» ұпайы түгел, рейтинг жоғары. Билік "рейтингісі жоғарымен жұмыс істеймін, соның сөзін сөйлеймін, өйткені, ол жұмыс істеп отыр, санға сенем бе, саған сенен бе" деп көз қылып айтады да, орыс тілді баспасөздің қойнына зып беріп кіріп кетеді. Себебі, орыс баспасөзі оның көзін ашып көргені, ауыз ашып өпкені. Әлемді сол баспасөздің айнасы арқылы ғана таниды. Ол не айтса да жөн. Орыс баспасөзі қазақ шенеунігіне әке-шешең сенікі емес десе де сеніп, ата-анасынан бас тартуға бар. Ал, мұның қасында мемлекеттік мүдде, ақпараттық саясат деген не тәйірі...

Бізде қазақ баспасөзін тұқыртқысы келетіндердің ішінде өзіміздің кейбір «жаңашыл» әріптестеріміз де жүреді. Олар да рейтингіге сенеді. Соны алға тартады. Ал, рейтинг дегеніңіз - қаражаты қамсыз, ықпалды ақпараттық-саяси топтың ыңғайына, қалауына қарай түзіле беретінін ол шіркін сезбейді...

Түйін

Бұл айтылғандар, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің тереңде жатқан бір парасы ғана. Бұдан шығатын қортынды: билік сайлаудан кейінгі ауыс-түйіс кезінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жете мән беріп, бірқатар шешімдерді қайта қарап, заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі керек деп есептейміз. Біздің ше әуелі, ақпарат саласы жеке министрлік болып шығуы шарт. Екіншіден, түп иесі – шетел азаматы болып отырған ақпарат құралдарының мемлекеттік бюджеттен қаржы алуына тыйым салу; Қазақстан ақпарат нарығынан жарнама тартқан жағдайда, салық мөлшерін өсіру; Және баспасөздегі тілдік норманы өзгертіп, жалпыхалықтық санақ дерегі көрсеткен санға негіздеу қажет; орыс тілді баспасөзде мемлекеттік тілде ақпарат таратуды қатаңдатып, қазақ тілін аударма тіл түрінде ғана қолдануды шектеу, толыққанда қазақ тілді қосымша редакция жасақталуын талап ету; бюджет қаржысын бөлуде рейтинг емес, ақпараттық құралдың мемлекеттік тілде ақпарат таратуына, мемлекеттік мүддені қорғауы мен ұлттық қауіпсіздік мәселесін ұдайы көтергенін есепке алу.

photo_62203Мінекей, жалпы айтқанда осы сынды мәселелерді күн тәртібіне шығару - кезек күттірмейтін мәселе. Олай болмағанда, күні ертең, көзді ашып-жұмғанша Қазақстандағы рейтингі жоғары орыс тілді баспасөз мемлекеттің құрылымына, Тәуелсіздікке зор қатер төндіретін күшке айналып шықпасына ешкім кепілдік бермейді. Оған дәлелді тосыннан іздемей-ақ, алыс-жақын елдердегі саяси ахуалдарды есепке алсақ та жетіп жатыр.  

Өміржан Әбдіхалықұлы

Abai.kz

Рекомендовать
Последние новости