Биыл Талдықорғандағы «Ұлан» шағын ауданының аулалары толық абаттандырылады

Ақтоты Жапатова 24 апр. 2025 09:42 191

Талдықорған қаласындағы «Ұлан» шағын ауданының 1990 жылдардан бері жөндеу көрмеген аулаларын абаттандыру жұмыстары биыл толық аяқталады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың осы және қаладағы басқа да құрылыс нысандарын аралауы кезінде айтылды,– деп хабарлайды Dalanews.kz

Алдымен қаланың «Ұлан» шағын ауданына барған өңір басшысы аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аталған шағын ауданда жалпы саны 14 аула болса, соның 5-еуі өткен жылы жаңғыртылған, ал қалған 9-ы биыл жаңа кейіпке енбек. Осы 9 аулада «Фирма Мега-Сервис» мердігер компаниясы жұмыс істеуде.  

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары наурыз айының ортасынан басталған, кестеге сәйкес нысанды тамызда аяқтау жоспарланып отыр, дегенмен одан ерте аяқтауға мүмкіндік бар. Қазіргі кезде демонтаждау аяқталып, монтаж жұмыстары 60 % атқарылды. Құрылысқа қажетті материал толық дайын. Электр желілері тартылды. Абаттандыру барысында балалар ойын алаңы, орындықтар, жарық шамдары, бордюрлер орнатылады. Қазір мұнда 30 адам, 7 техника жұмылдырылған. Осы орайда облыс басшысы жұмыстың сапасына ерекше мән беру керек екенін баса айтты:

- Өткен жылы қаланың тозығы жеткен аулаларын абаттандыру туралы шешім қабылдап, осы іске кіріскен едік. Соның ішінде үнемі назардан тыс қалып келе жатқан аудандардың бірі ретінде осы «Ұлан» шағын ауданының 5 ауласын абаттандырдық. Биыл қалған 9 ауланы көркейту жұмыстарын толықтай аяқтауды тапсырғанмын. Былтыр құрылыс жұмыстарын мерзімінде, сапалы атқарып, жақсы баға алдыңыздар. Биыл да осындай қарқында жұмыс істеп, халықтың алғысын аласыздар деп сенемін. Жобаны уақытынан бұрын маусым-шілде айларында бітіреміз деп отырсыздар. Біз үшін ең бастысы - уақытылы атқарылған сапалы жұмыс, - деген Б. Исабаев шағын аудан тұрғындарының өтінішіне сәйкес жобада қосымша көлік тұрақтарын қарастыруды да тапсырды. Яғни ауладағы автомашиналар жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметінің көліктеріне бөгет болмауы керек.

Осы орайда былтыр абаттандырылған аулалардың тұрғындары журналистерге өз пікірлерін айтты.

-  Бұрын алаңы шаңы шығып, топырақ болып жататын. Үлкен ұлым доп ойнағанда үсті-басы шаң болып келетін. Ал кіші балаларымды аулаға алып шыққанмен ойнататын жер жоқ еді. Өткен жылы ауламызға балалар ойын алаңын салып, түрлі әткеншектер, тренажер құрылғыларын орнатты, үлкендер демалып отыратын орын да қарастырылған. Көрші аулаларда да жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Шағын ауданымыздың кейпі биыл тұтастай жаңаланатынын естіп қуанып қалдық, - дейді көп балалы ана Диана Топарбаева.

Бүгін аулаларына гүл егіп, көгалдандырып жатқан тұрғындардың арасында зейнеткер ұстаз, «Ұлан» шағын ауданының тұрғыны Майя Сайділдина да бар.

- Осы шағын ауданда тұрып жатқаныма 7 жылдан асты. Бүгін көршілерімізбен бірге аулаға гүл егіп жатырмыз. Қолымда тұрған «Түн аруы» деген гүлдің тұқымы. Оған қоса ағаш та егеміз. Ауламыз жаңаланғаннан кейін оны көгалдандыру, таза ұстау – өз қолымызда. Осындағы әр ата-ана баласына жасалған еңбекті бағалау керек екенін, жаңаланған ауланы күтіп ұстау керектігін үйретуі тиіс. Зейнеткер ұстаз ретінде жүрген ортамда осыны үнемі айтып отырамын, - дейді.

Осы күні облыс басшысы «Жетісу» шағын ауданындағы № 29 үйдің маңындағы ауланы абаттандыру барысымен де танысты. Мәселен, осы шағын ауданда 2018-2024 жылдар аралығында 11 аула жөнделсе, биылғы жылдың өзінде тағы 11 аула абаттандырылады.

Еске салсақ, жалпы биыл Талдықорған қаласында 39 ауланы абаттандыру жоспарланған, соның 9-ы - «Ұлан», 11-і - «Жетісу», 11-і - «Жұлдыз» шағын аудандарында. ​Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 20 мекенжайға балалар ойын және спорт алаңдарын орнату көзделген. Оған қоса  биыл көп қабатты 2 үйдің шатыры жөнделіп, 20 көп пәтерлі үйдің қасбеті жаңартылады.

Одан соң облыс басшысы қаладағы көркем гимнастика орталығы салынып жатқан құрылыс алаңында да болды. Қазір мұнда жер қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы алаңы 2,2 мың шаршы метр болатын, бір ауысымда 90 адам қабылдай алатын универсалды және гимнастика залдары қарастырылған орталық қараша айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі мұндағы құрылыс қарқынының бәсеңдігін сынға алып, қала әкімдігіне нысанды мерзімінде, сапалы бітіруді қатаң бақылауға алуды тапсырды.


Рекомендовать
Последние новости