Биыл Семейде 70 аула абаттандырылып, 40 көшенің бойы ретке келтіріледі

Dalanews 08 июн. 2023 12:19 985

Абай облысының орталығы Семей қаласында жаңа ауруханалардың құрылысы басталды. Сонымен қатар қала ішіндегі аулаларды абаттандыру мен жаңа қоғамдық орындар салу ісі де қарқынды жүріп, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылдан бері Семей қаласында 54 тұрғын үйдің 35 ауласы абаттандырылған. Биыл тағы 70 аула (160-тан астам тұрғын үй) жөнделмекші. Сондай-ақ, 15 қоғамдық орынды абаттандыру жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев бүгін Глинка 30, 32, Иртышская 17, Өзбекская 40 көшелерінің бойындағы абаттандыру жұмыстары басталған бірнеше ауланы аралап көрді.

– Биыл 70 ауланы абаттандырамыз. Жұмыстардың сапалы орындалуына баса мән береміз, – деді Нұрлан Ұранхаев.

Сондай-ақ, қала мен облыс үшін аса маңызды денсаулық сақтау нысандарын салу мәселесіне де әкімдік баса көңіл бөлуде. Айталық, әкімдік 400 орындық көпсалалы облыстық аурухананың, 150 төсектік балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің, университеттік емхананың құрылысына арналған орындар белгілеп қойған.  


Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін Абай облысының дамытудың кешенді жоспары енгізіліп, ерекше бақылауға алынған.

Инвесторлар есебінен қажетті құжаттаманы дайындау, сол арқылы бюджет қаражаты үнемдеу де көзделген.

Осы ретте облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Волгоградская көшесінің бойындағы бөлінген жер телімдерін аралап көрді. Сондай-ақ, Ұшақтар ауданында емханамен бірге 300 орындық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жүруде. Облыс басшысы құрылыс алаңын аралап көріп, өз ойын ортаға салды.

Қаланың тіршілігімен танысу кезінде Нұрлан Ұранхаев Би-Боранбай көшесінің қиылысындағы жол жамылғысының жөндеу жұмыстарын тексерді. Биыл Семейде барлығы 40-қа жуық көшеге асфальт төселмек.

Жалпы қашықтығы 7 шақырымды құрайтын қала көшелеріндегі тратуарларды ретке келтіріп, 360 шаршы метр болатын асфальтбетон жабындысын төсеу жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости