Биыл Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы қарқынды даму жолына түсті

Dalanews 29 нояб. 2017 16:42 1201

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деп айтты. Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту қажеттігін ұсынды. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды.

Үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысының аудандараныа жасаған сапарамызда өңірде ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кооперацияға біріктіру жұмыстары өте қарқынды жүргізілгенін байқады. Бүгінде Оңтүстікте құс өсірушілер, сүт, түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірушілер кооперативтерге бірігіп қарқынды жұмыс істеп жатқанына куә болдық

Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған Оңтүстік Қазақстан облыс болғандықтан өңірде бұл салаға қйылып жатқан инвестицияның көлемі де жоғары.  Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі бұл бағыттағы жұмыстарды басты назарда ұстап, жер емген шаруаларға барынша қолдау көрсетіп келеді. Үстіміздегі жылы ерте көктемде облыс әкімінің бастамасымен аймақтағы шаруаларды кәсіпке баулып, шаруашылыққа бейімдеу мақсатында оқыту семинар өткенін білеміз. Аудан, қалаларда ұйымдастырылған көшпелі семинарларда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелері жайында шаруаларға барынша мағұлмат берілді. Мұндай семинарларға аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруалар, ғылыми орталықтар мен қаржылық институттардың өкілдері тегіс қатысқан болатын. Осылайша ОҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы шаруа мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ауыл шаруашылығының дамытуға серпін беруге бар күш-жігерін жұмсаған болатын. Мұндай маңызды басқосулар бүгінде өз нәтижесін беріп үлгерді. Бұған ет-сүт бағытында Қазығұрт пен Арыс және Сарыағаш аудандарында, құс шаруашылығы бойынша Ордабасы мен Төлебиде, балық шаруашылығы аясында  Шардара мен Түлкібаста, қарқынды бау шаруашылығы шеңберінде Сайрам ауданында кооперативтер пайда болғаны сөзімізге айқын дәлел бола алады.



Осы ретте ғылыми орталықтар өкілдері жылыжай шаруашылығы саласындағы заманауи техникалық зерттеулері жайында айтып, шаруалармен бірлесіп жұмыс істеуге ынта тананытқан болатын. Жылыжай демекші, қазіргі таңда Оңтүстікте жылыжайлар көлемі 1 123 гектарды құрап, республикадағы үлесі 86 пайызға жетіп отыр. Жылыжайлардың басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқан. Жылыжай шаруашылықтарын дамытуға мемлекет тарапынан қолдаулар күшейтілген. Өндірістік жылыжайдың әр гектарына 1,5 млн теңге (жылыту жүйесі жоқ жылыжайдың 1 гектарына 800 мың теңге) субсидия беріледі. Тыңайтқыштар мен гербицидтерге 50 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Өнеркәсіптік бағыттағы жылыжайларға 11,3 пайызбен несие берілсе, коопертив мүшелерінің 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар.

Соңғы уақыттары Оңтүстікте балық шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Айталық, 2012 жылы өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің бекіре тұқымдас балық өсіру фермасының жұмысы жұрттың жаңа кәсіпті меңгеруіне итермелеуде. Кәсіпорын жылына 40 тонна балық еті мен 30 кило қара уылдырық өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда облыста балық өнімдерін қайта өңдейтін – 3, балық өсіретін 28 шаруашылық бар.



Мал бордақылаған шаруалар сойылған ірі қара, ұсақ малдарының етін өткізуде қиындықтарға кезігіп жүр еді. Биыл бұл мәселе де шешімін тапты.  Шаруа маңдай термен өсірген, малдарын сойып етке өткізгенде орта жолдан қосылған делдалдар пайдаланып, арзанға алып, қымбатқа сатып, екі жеп биге шығып жүрген-ді. Енді мұндай келеңсіздіктердің алды алынбақ. Иран мемлекетінен келген инвесторлар Оңтүстік Қазақстан облысынан жылына 20 мың тонна ет экспорттауға келісті. Екі жақты келісім нәтижесінде жүзеге асатын бұл жоба жергілікті шаруалардың мал бордақылауға деген қызығушылығын туғызуы тиіс.

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы «Қайып ата» мал бордақылау кешенінде өткен көшпелі семинарға Иран елінен келген инвесторлар шаруалармен тілдесіп, ет экспорты бағытында жұмыс істеудің мәселесін талқылағаны есімізде. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданындағы «Қайып ата» шаруашылығы мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда 3 мың бас ірі қара бордақылануда. Мал бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300-350 келіге дейін ет береді. Етті малға тән белгілері де айқын – тез жетіледі, кеудесі кең, етті, аяқтары қысқа, берік келеді. Ұрғашы тайынша күніне 700-800 грамм, 15-18 айлық бұқашықтар тәулігіне 900 грамға дейін салмақ қосады. Әрине, ол үшін малға дұрыс күтім қажет. Солтүстіктен жеткізілген ірі қараның бабы болғандықтан, күнгейдің климатына тез жерсінген.

 

Иран мемлекеті жылына 2 млн 400 тонна ет тұтынады. Осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында, екі тарап күніне 3 000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас ірі қара етін алу үшін келісімшарт жасасты. Бұл өз кезегінде, ел экономикасына оң ықпалын тигізіп, Елбасының ет экспортын арттыру міндетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Облыста соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып, 865 мың басқа, қой-ешкі 155 мыңға артып 3 млн 893 мыңға, жылқы 16 мыңға артып, 230 мыңға, түйе 1,7 мың артып, 23 мыңға жетіп отыр.

Н.ӘУБӘКІР.

Рекомендовать
Последние новости