Жетісудың «Қайнар-АКБ» зауыты рекордтық өнім өндірді

Dalanews 29 нояб. 2017 16:49 1212

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Талдықорғандағы үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарлама аясында жұмыс істеп жатқан «Қайнар-АКБ» зауыты 2 миллионыншы аккумуляторын шығарды. Кәсіпорын рекордтық өнімін Тұңғыш Президент күніне арнады.

Үдемелі индустриялық инновациялық бағдарламаның алғашқы кезеңінде жұмыс қарқынын үдеткен зауыттың өнімінің 70 пайызы экспортталуда. Қазіргі таңда ТМД елдерінен бөлек қазақстандық аккумуляторлар Қытай, Еуропа нарығына  «Ұлы дала елі» брендімен шыға бастады. Жыл сайын өнім көлемін еселеп отырған зауыт келер жылы 3 млн дана аккумулятор шығаруды жоспарлауда.

Зауыттың басқару кеңесінің төрағасы Қуаныш Әжмағанбетовтың айтуынша, кәсіпорынның әрбір жетістігі елдегі береке бірліктің, Елбасының сарабдал саясатының жемісі.

«Қазақстандағы барлық қорғасынды ауыстырамыз деген жоспар қойдық. Оның бәрі Президенттің қолдауыменен, Президенттің бізге айтқан жоспарымен жұмыс істеліп жатқан саясат»,– дейді Әжмағанбетов.

Жалпы бұл аталған кәсіпорынның шет елдегі алғашқы қадамы емес. Халықаралық талапқа сай жұмыс жасайтын  зауыттың тауарлары  Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Белоруссия, Қытай сынды елдерде жоғары сұранысқа ие. Және осы  елдермен  тұрақты байланыс орнатқан. Үстіміздегі жылы осындай қарым-қатынасты Африкамен орнатылып, зауыттың  «BARS Asia» батареялары Африка нарығына Бенин Республикасындағы дүкендер желісі арқылы сатылымға шыққан болатын. Кәсіпорын қазір айына 250 мың дана әр түрлі модификациядағы аккумуляторларды өндіреді. Оның 70 пайызы экспортталуда. Жаңғыртудан кейін толық қуатына көшкен зауытта мыңға жуық адам еңбек етеді.

Өткен жылы кәсіпорын Астана қаласында өткен индустрияландыру күнінде «Ұлы дала елі»  брендімен марапатталды. Бұл бренд Қазақстандағы ең үздік экспорттаушы компанияларға беріледі. Алдағы уақытта отандық тауар өндірушілер «Ұлы дала елі» атауымен бірігіп, әлем нарығында өз қолтаңбасын қалдырып отырады.

"ҚмД" ақпарат

Рекомендовать
Последние новости