Биыл Арыс қаласында 100-ден астам отбасы баспаналы болады

Dalanews 18 окт. 2018 05:28 862

 Арыс қаласында үй кезегінде тұрғандар көп пе? Халықты баспанамен қамту мәселесі қалай, қандай жолмен шешілуде? Бұл жайында "Қала мен Дала" газетіне берген сұхбатында Арыстың әкімі Мұрат ҚАДЫРБЕК айтып берді. 



Арыс үлкен қала. Мұнда 75 мыңға жуық адам тұрады. Халық саны да жыл санап өсіп келеді.

Үй кезегінде тұрғандардың саны 1300-ден асып жығылады. Оларды баспанамен қамту бағытында біраз жұмыс жасалды.


Соның бірі дәлелі, күні кеше Көктем-2 мөлтек ауданында 36 пәтерлік 3 қабатты тұрғын-үйдің құрылысын аяқтадық. Алдағы күндері қаладағы үй кезегінде тұрған біраз отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.

Бұл қолға алынған істің бастамасы ғана. Дәл осы нобайдағы тағы 3 тұрғын-үй салынып жатыр. Олар келер жылы қолданысқа берілмек.

Бұдан бөлек 5 қабатты, 66 пәтерлік, 5 тұрғын-үйдің іргетасын қалап қойдық. Осылайша алдағы жылы 500-ге тарта отбасы үйлі болады деп жоспарлап отырмыз.  Осының нәтижесінде үй кезегінде тұрғандарды ұзақ күттірмей баспанамен қамтитын боламыз.

Бұдан бөлек аталған ауданда аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар да бой көтереді. Қазірдің өзінде мұнда 450 балаға лайықтаған балабақша, 300 оқушыға орналған мектеп жұмыс істеп тұр. Ауданның аумағы үлкейе келе білім ордасының тарлық етуі мүмкін.

Жақын арада дәл осы мектептің іргесінен тағы 300 оқушыға арналған қосымша корпустің іргесін қалаймыз.


Келер жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Көктем-2 мөлтек ауданында тағы бір балабақша салынады. Сонымен қатар аудандық Ішкі ішкі істер басқармасы мен сот ғимараты осы жерде орналасатын болады.

– Естуімізше, Арыстағы көпқабатты үйлердің – кәріз жүйесінде ақау көп екен. Жаңадан құрылған ауданда осы мәселе қалай шешілмек?

– Көктем-2 мөлтек ауданындағы алдағы уақытта қолданысқа берілетін пәтерлердің барлығы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. 

Кәріз құбырларының құрылысы бойынша арнайы жоба да жасалды. Мемлекет тарапынан бұл жобаға 1-1,5 млрд. теңге қаржы бөлінеді деп күтіп отырмыз.

– Арыста ауыз-су мәселесі де өзекті екенін білеміз. Халықты сапалы ауыз-сумен қамтуда қандай шараларды қолға алмақсыздар? Біз білсек, Арыс қаласына жақын орналасқан Ақдала елдімекенінде бертінге дейін тіршілік нәрі сағатпен беріліп келіпті.

– Бүгінгі күні Арыс қаласының аумағында орталықтандырылған ауыз-сумен халықтың 90 пайызы қамтамасыз етілген. Биылғы жылы Арысқа қарасты 7 елді-мекенде ауыз-сумен қамту бойынша бірнеше ауқымды жоба қолға алынды. Жыл соңына дейін осы мақсатта бюджеттен бөлінген ақшаны толығымен игеріп, аталған елді-мекендерді орталықтандырылған ауыз-су жүйесіне қосамыз. Мұның ішінде Аққала, Байтоғай, Шөгірлі секілді ауыл-аймақтар бар.

 

Рекомендовать
Последние новости