Бұрын сотталғандар мен психикалық ауруы бар азаматтар қамқоршы болып келген

Көркем Алдабергенова 17 нояб. 2025 10:37

Ақмола облысы прокуратурасы жүргізген талдау барысында уәкілетті органдар тарапынан адам өлтіру және басқа да ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтардың әрекетке қабілетсіз адамдарға қамқоршы болып тағайындалғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәселен, екі әрекетке қабілетсіз адамға кезінде кісі өлтіргені үшін жауапқа тартылған тұлға қамқоршы болып жүрген.

Одан бөлек, психикалық ауытқуы бар, нақтырақ айтқанда «шизофрения» диагнозы қойылған азамат та әрекетке қабілетсіз тұрғынға қамқоршылыққа бекітілген.

Тексеру барысында уәкілетті органдардың әрекетке қабілетсіз азаматтарды дер кезінде есептен шығармағаны да белгілі болды. Соның салдарынан облыста қайтыс болған 28 адамның аты-жөні әлі күнге «әрекетке қабілетсіз» азаматтар тізімінде тұрған.

Қазіргі таңда сотталған және психикалық ауруы бар қамқоршылардың өкілеттігі тоқтатылды, құжаттар заң талаптарына сәйкестендірілді. Жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапқа тартылған.


Рекомендовать
Последние новости