Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Al Jazeera басылымына берген сұхбатында Қазақстанның бұрынғы басшысының элиталарына берілген артықшылықтарды жою жөнінде қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сұхбат барысында тілші Мемлекет басшысына сауал қойды.
"Сіздер белгілі бір жетістіктерге жеттіңіздер – тергеулер жүргізілді, ұрлық фактілері бойынша үкімдер шықты. Менің білуімше, 1,2 миллиард доллар қайтарылды. Бірақ кейбіреулер бұл жұмыстың әлі толық аяқталмағанын айтады. Назарбаевқа қатысы бар бірқатар маңызды құрылымдар (Назарбаев қоры, Halyk Bank және т.б.) әлі де терең тексеруден өткен жоқ. Бұл жөнінде не ойлайсыз?"
Президенттің жауабы
Қасым-Жомарт Тоқаев елде ұрлық фактілері болғанын растады және осы бағыттағы тергеулердің жалғасып жатқанын айтты.
"Әрине, біздің жұмысымызға сын айтылып та жатыр. Бірақ біз көп нәрсе жасадық – әрі оның бәрі халқымыз бен қоғамымыздың игілігі үшін. Сонымен қатар, біз Назарбаевтың – қазіргі заманғы тарихымыздағы алғашқы президенттің тарихи рөлін мойындауымыз керек. Иә, қателіктер болды, сіз айтқандай, ұрлықтар да болды. Біз тергеу жүргізіп жатырмыз, бұл процесс жалғасады. Бірақ мен Қазақстанда бүлік ұйымдастырмақ емеспін, өйткені бұл елімдегі жағдайдың тұрақсыздануына алып келер еді", – деді Тоқаев.