"Бұдан өзге амалым жоқ...". Пашинян жеңілгенін мойындады

Dalanews 10 нояб. 2020 03:02 874

Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян Әзірбайжан президенті Ілхәм Әлиевпен бітімге келіп, Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеді. 

Бұл туралы ол әлемжелідегі парақшасында жазды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Пашинян өзінің бұдан өзге амалы қалмағанын айтты.

"Бұл ұйғарым соғыс жағдайы және әскери ахуалмен жете таныс азаматтармен ақыл-кеңескеннен кейін қабылданды. Сарбаздарымыз террористерге, НАТО-дағы саны жағынан екінші орында тұрған мемлекет пен Әзірбайжан әскеріне қарсы қасық қаны қалғанша қарсыласты. Бұл айтуға ғана оңай шаруа", – деді армян премьері.

НАТО әскерін тілге тиек еткен Пашинян осы арқылы Әзірбайжанға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған Түркияны меңзегені анық. Өз кезегінде Баку да, Анкара да "ұрыс алаңында өзге елдің әскери күші жоқ" деп мәлімдеген.

"Соғысты тоқтату туралы мәмілеге келдік. Бұдан өзге амал-шара жоқ. Дәл қазір неге бұлай болғанын ашып айта алмаймын, себебі бұл онсыз да ауыр ахуалды одан сайын ұшықтырып жіберуі мүмкін әрі ұрыс алаңына тікелей әсер етері анық", – деді осы орайда Пашинян.


Пашинян мәлімдеме жасаған тұста наразы жұрт парламентке басып кірген болатын. Армян премьері ішке баса-көктеп кіріп,  парламент спикерін соққыға жыққан жұртты сынға алды.

"Осы арқылы майдандағы жауынгерлерге кесір тигізіп жатырсыздар", – деді Пашинян.

Оның пікірінше бұл жеңілу емес. Армян халқы жеңілгенін мойындамайды.

"Ұлтты ұйыстырудың ең ұтымды жолы осы. Біз жеңілген жоқпыз! Тәуелсіздіктің әр жылын електен өткізіп, келешекке көз тігуіміз керек және өткеннің қателігінен сабақ алуға тырысайық", – деді ол.

...

Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзірбайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында.

Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзірбайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты.


Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзірбайжан босқынға айналды.

 

Рекомендовать
Последние новости