БҚО: Тасқын судың беті қайтып, шығындар есептелуде

Dalanews 04 апр. 2024 15:40 2427

Тасқынның алғашқы күні Сырым ауданы бойынша 402 үй суға кетті деп хабарладық. Кейін ауданнан арнайы комиссия құрылып, үйлерді аралап, келтірілген шығындар туралы акт жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz сайты БҚО әкімдігіне сілтеме жасап.

Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов нақты деректерді мәлімдеді.

Есептеулер алғашқы күні көшелер бойынша жүрді. Кейін комиссия үй – үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, залалдарын тіркеді. Қазіргі таңда Сырым ауданы бойынша 236 үй суға кеткені мәлім болып отыр. Сонымен қатар 8 жылқы, 62 бас ірі қара және 239 ұсақ мал шығынға ұшыраған, – деді аудан әкімі. Сонымен қатар Сырым ауданына өңір басынан техникалық зерттеу тексеру комиссиясы келіп, суға кеткен баспаналардың жай – күйі бойынша ресми қорытындыларын шығарды. Қазір Сырым ауданында тұруға келмейтін 84 үй саналып тұр.

Еліміздің әр өңірінде тасқын болуда. Судан залал тартқан ауылдар көп. Жағдайды ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың өзі бақылауға алды. Жуырда ауданымызға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары келді.

Табиғи апаттан болған шығын өтеледі деп жатыр. Халыққа келген шығын әртүрлі. Суда тұрғанға шыдамай, қабырғасы сөгілген, құлаған үйлер бар. Біреулердің үйіне су білінбеген, бірақ қосымша шаруашылық құрылыстары қираған. Нақты шешім алдағы уақытта шығады, Сырым ауданында су тасқынынан кейін үйі тұруға жарамай қалған тұрғындардың игілігіне баспана құрылысы басталуы тиіс деп ойлаймын. Қадыр ақын «Ең алдымен ел қамы, Одан кейін қалғаны!» - дегендей ең алдымен елдің басты шығыны – баспананы қалпына келтіруге міндеттіміз. Қалған дүниенің орыны бола жатар. – деді Жұмагелді Батырниязов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан жапа шеккен отбасыларға төленетін 184 600 теңге көлеміндегі бір реттік материалдық көмек төлене басталды. Бүгін 54 үйге материалдық жәрдемақысын алып үлгерді.


Рекомендовать
Последние новости