БҚО-да шекара маңындағы 13 мектеп жабылуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 09 июл. 2025 11:37

Батыс Қазақстан облысының шекараға жақын аудандарында 13 мектеп жабылуы ықтимал. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Қошербаев депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қолданыстағы ережелерге сәйкес, ауылдық жерде мектептің жұмысын жалғастыруы үшін оқушылардың саны жеткілікті болуы тиіс: бастауыш мектеп үшін – кемінде 5, негізгі мектеп үшін – кемінде 41, ал орта мектеп үшін – кемінде 81 оқушы болуы қажет. Қазіргі уақытта бұл мектептерде оқушы саны аз болса да, жұмысын жалғастырып отыр. Вице-премьердің айтуынша, егер мектеп білім сапасын қамтамасыз етіп отырса, жергілікті билік оны жабуға міндетті емес.

"Алайда бұл мектептерде оқушы саны белгіленген нормадан айтарлықтай төмен болғандықтан, оларды қайта ұйымдастыру қаупі бар. Яғни, орта мектеп негізгі мектепке, негізгі мектеп бастауыш мектепке айналуы немесе мүлде жабылуы мүмкін. Бұл өзгерістер 2025–2026 оқу жылында жүзеге асуы ықтимал. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі БҚО әкімдігіне шекара маңындағы ауыл мектептерін сақтап, дамыту жөнінде ұсыныс хат жолдады. Қазір министрлік шекаралық аймақта орналасқан мектептерді жалпы білім беру ұйымдарының нормативтік тізбесінен алып тастау мүмкіндігін де қарастырып жатыр", - деді Ермек Қошербаев.

Мектептерді жабу немесе қайта ұйымдастыру мәселесі Үкіметтің бақылауында.


Рекомендовать
Последние новости